ЖАҢАРТЫЛҒАН ҰБТ
Білім саласының өткен жылы табысты қорытындылануы ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасы. Арман қуған жас түліктің алға қойған мақсаты жақсы көрсеткішке ие болғанда ғана жүзеге асады. ҰБТдан жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушы қалаған мамандығына түсуге мүмкіндік алады. Жалпы өткен оқу жылында аудан білім ошақтарынан орта мектеп курсын 338 оқушы бітірді. Олардың 216-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Бұл көрсеткіш мектеп бітірушілердің 64 пайызын құрады. Оқушылар ҰБТнің қорытындысы бойынша 85,02 пайызға қол жеткізді. «Алтын белгіні» 20 оқушы, «Үздік аттестатты» 11 оқушы иеленді.
Ал, 2018-2019 оқу жылында орта мектеп курсын 307 оқушы бітіруге ниетті. Биылғы оқу жылының ерекшелігі мектеп түлектері ҰБТ-ні бірнеше рет тапсырады. Қыс және көктем айларында ҰБТ тапсырған оқушылар 50 балл жинаса ресми түрде қалаған мамандығы бойынша ақылы негізде оқуға түсе алатындығы дәлелденген. Мемлекеттік грант негізіндегі оқуға тек жаз айларында тапсырған ҰБТ нәтижесімен түсетін болады. Аталған жаңалықтың тиімділігін көру уақыт еншісінде. Тек жас түлектерден алынатын сынама тесттің нәтижесі биылғы білім деңгейінің көрсеткішін анықтайтын болады. Ендеше, биылғы бітіруші жас түлек жауапты сынақта жақсы көрсеткішке ие болатынына сенім мол.