Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділдігімен елге танылған

Әділдігімен елге танылған

Сыр өңірі дегенде ең алдымен, қолына қаламын қару еткен ақын-жазушы мен сазды әуенімен көп­шіліктің жүрегін еліткен жыршылар еске түсуі әбден мүмкін. Дегенмен, тарихы тереңде жатқан аудан төңі­ре­гінде әділдікті ту еткен билер ерте заманнан өмір сүрген. Халық алдына шығып, дау-дамайды шеш­кен Апбаз, Мырқы, Нұреке, Шортанбай, Тұрым, Мұңайт­пас, Медетбай, Сауранбай, Есет Төлепұлы, Ақберген, Бақтыбай, Тоқтамыс, Ешмұрат, Бәлдік секілді билердің есімі елге белгілі.

Ықылым заманнан өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының басынан сан түрлі зұлматты күндер өтті. Сонымен бірге жергілікті жұртшылық арасында бір-бірін бітіспес жауға айналдырған даулар көптеп кездесті. Осындайда қарапайым халық туралығын айту үшін ел сыйлаған биге жүгінген. Өз уақытысында «Бала жолбарыс» атанып, дауларды шешуге белсене атсалысқан Есмұрат бидің қабілеті мен батылдығы ерекше болған деседі. Жиналған ортада жұртшылық Шортанбай Ерубайұлының нақыл, шешендік сөздерін жиі айтатын болған. Ауыл молдасынан хат таныған Шортабай би Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Қай кезде де, жер мен жесірдің дауын шешіп, әділ де кесімді сөздерін айналасына арнап отырған.

Шын мәнінде, күні бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, бұрын билер атқарған қызметті  сот төрелігі жүзеге асырып келеді. Жылдар бойы қызметі жан-жақты жетілдіріліп келе жатқан сот саласында «Билер кеңесі» құрылғаны белгілі. Осындай тегеурінді саланы жандандыра білген Сыр елінен шыққан Қазыбек Өтемұратов  адал еңбегінің арқасында қазақ халқына таныла білген. Небәрі 39 жасында дүниеден өткен оның заңгерлік қабілеті бар мақтауға лайықты болатын.  Сот саласында  есімі ерекше құрметпен аталатын тұлғалардың бірі –  Бекайдар Жүсіпов. Тереңөзөктік  заң органдарының қайраткері ұзақ жылдар бойы облыстық прокуратураны басқарса, кейіннен Қазақ КСР прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалған. Аталған салада ол – 10 жыл табан аудармастан еңбек етті. Өз кезегінде жерлесімізге Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы міндеті жүктелгенболатын. 8 жыл республика соттарын басқарған заңгер 1970 жылы Қазақ КСР Әділет министрі болып абыройлы қызмет жасады. Алтыншы, жетінші, сегізінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған Бекайдар Жүсіпов Үкімет наградаларымен марапатталған.

Бүгінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Жақып Асанов – сот саласында сыр­дариялықтардың мақтанышына айнал­ған тұлға. Туған жер топыра­ғынан түлеп ұшқан жерлесіміз Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарып, заң саласында жоғары лауазым иесі атана білген. Кейіннен, Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ретінде елеулі қызметтер атқарды. Осыдан 6 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметіне тағайындалған Жақып Қажыманұлы  азаматтық дауларды сотқа жеткізбей шешу мәселесін көтерген. Қос тарапты бітімге келтіріп, әділдік жолын ту еткен.

Негізі, ел алдына шығып, бір істің ақ-қарасын ажырату да оңай шаруа емес. Сан мыңдаған халықтың уәжін тыңдаған би-шешендер қай кезде де ақиқатқа жүгінген. Кезінде жер, жесір дауы, қарапайым халықтың мұны оңынан шешіліп отырған. Даудың өршуіне жол бермеген билердің еңбегі ел ауызында үнемі сақталатыны анық. Асылында, өткен ғасырларда пайда болған билер инс­титутын сот саласындағы «Билер кеңесінің» мүшелері жалғыстыра бермек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден
30 тамыз 2023 ж. 296 0