Ишандар шыққан киелі мекен
Сыр топырағы – қасиет қонған мекен. Ықылым заманнан киелі жерден қаншама адам түлеп ұшты. Әрине, тарих бедерінде кез келген тұғырлы тұлға артынан өшпестей құнды мұра қалдырғаны мәлім. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ұлттың ұстыны болған ғұламаларды көпшіліке насихаттау жолға қойылған. Әр ғасырдың өз ғұламасы, білімді азаматы болады. Өз кезегінде дін қайраткерлері жөнінде қалам тербеуді жөн көрдік.
Негізінен, өткен ғасырларда дінге көңіл бөлген жандар елге сыйлы болған. Күні-түні ілім іздеп, ақиқатқа көз жеткізген дін ғұламалары халық санасына білім нәрін құйған. Мәселен, есімі елге белгілі ишандар ағартушылық салаға ден қойған деседі.
Медреседен білім алып, көпшіліктің сауатын ашқан жанның бірі – Шіркейлі елді мекенінде туған Мұхамеджан Қарамолда. Дін қайраткерінің сауатын ең алғаш әкесі ашқан. 8 жасында «Көкілташ» медресесіне барған ол сопылық атаққа қол жеткізген. Өз уақытында арнайы мешіт ұстап, туған жері «Қабылкөлде» діни құндылықты жұртшылыққа дәріптеген. Расында, Мұхамеджанға Қарамолда атағы берілуі тегіннен-тегін емес. Жалпы, ескі түрікше «қара» сөзінің мағынасы «ұлы» дегенді білдіреді екен. Сондай-ақ Мұхамеджан молда Құранды, хадисті, аятты жатқа айтатын қари атанған. Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлы данагөйге арнап бірнеше жыр жолдарын жазған.
Мұхамеджан Қарамолда өз заманында қуғын-сүргінге ұшыраған. Талай қиындықты бастан өткерген. Дегдар азамат көршілес Жаңақорған ауданындағы «Айқожа» мешітінде дәріс оқыған. Айта кетейік, Мұхамеджан Нүрекеұлы – Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі. «Тектіден текті туады» демекші, қазақтың Қалтайы шығармалары арқылы қалың көпшіліктің сүйікті жазушысына айналған.
Тарихы тереңде жатқан Сырдария өзенімен аттас ауданда Сүлеймен ишан Есейұлы өмір сүрген. Әлемге әйгілі әулие Марал ишанның ұрпағы Кеңес өкіметі кезінде адамдарға мұсылмандыққа, имандылыққа жол нұсқаған. Бірнеше рет үстінен іс қозғалып, жала жабылса да, халықты емдеуден бас тартпаған. Діни сауаты мықты Сүлеймен Ишан Бұқара қаласындағы «Көкілташ» медресесінен білім алған. Бірнеше жыл Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітінің имамы болған. «Сырдария ІІ» кітабында Сүлеймен ишанның пайдаланған заттары жөнінде кеңінен мағлұмат берілген. Мәселен, араб, парсы, тәжік, орыс тілін жетік меңгерген қайраткер арнайы пышақтар, діни кітаптар, баланы сүндетке отырғызуға арналған аспаптар, ем жүргізуге арналған құрал-жабдықтар, дәрілік шөптер жинауды әдетке айналдырған. Халық арасында сауаттылығымен танылған Сүлеймен ишан Құранды оқып отырып, қазақша мағынасын сөзбе-сөз аударады екен.
Бертін келе тарих қойнауында жатқан құнды деректер халыққа тарала бастады. Мұсылманшылық қасиетпен әрбір молда, ишан жергілікті халық баласын оқыту үшін барын аямаған. Дарыны мен қабілетін шыңдап, молда атанған жанның бірігейі – Мақсұт ишан. Діндар азамат он екі жасында ауыл молдасынан сауат ашқан. «Бұхара» медресесін бітіргеннен кейін «Сабалақ» болысында имам атанады. «Қатынкөл» жағасындағы халыққа діни уағыздар айтып, сауаттылыққа шақырады. Расында, Мақсұт ишан адамгершілігімен көпке үлгі атанған. Сонымен бірге шығыс мәдениетінің білгірі атанып, ел ішінде сыйлы, құрметті болған.
Ғасырлық тарихы бар «Қазақ» газеті ұлт руханиятының қайнар бұлағы саналады. Басылымның жарық көруіне қолдау көрсеткен ел азаматының бірі – Жармұхамед ишан Оразайұлы екенін біреу білсе, біреу білмес. Сыр өңірінен түлеп ұшқан қайраткер «Бұхара» медресесінен білім алған. Өз кезегінде дін білгірі бастауыш сыныпқа арналған мектеп ашып, жас ұрпаққа әріп үйреткен. Ислам дінін жұртшылыққа уағыздаған.
Иә, осы күнге дейін әулие-әмбиенің жасаған еңбегі ұлттың рухани қорында өшпестей мұра ретінде қалыптасты. Қазақ қашанда дін қайраткерлерінің есімін ұлықтай бермек.
(Суретте: Сүлеймен Ишанның көзі
тірісінде пайдаланған заттары)
тірісінде пайдаланған заттары)
Балтабай Аябекұлы