Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есмұрат бидің елшілдігі

Есмұрат бидің елшілдігі

Есмұрат бидің есімі Сыр бойымен қатар Ташкент, бір жағы Ақтөбе өңіріне мәлім болса керек. Осы сөзімізге дәлел ретінде Есмұрат бимен аталас туысы, марқұм майдангер Бәкір Өтепов өзінің «Отты жылдар» естелік кітабының 107-бетіндегі «Бала жолбарыс – Есмұрат» атты мақаласында Телғозиев Сәдуақас майдангердің сөзімен былай келтіреді:
Қыстың аязды күні. Біздер Ақтөбе қаласына орналасқалы да екі айдың шамасы болып қалған еді. Біз ол кезде 101-ші ерекше атқыштар бригадасында дайындықтан өтіп жатқанбыз. Теміржолдардың бойын қар басып қалып, жол қатынасы қиындап кетті. Осыған орай күн сайын қар тазалауға баратынбыз. Сонда жүргенімізде бір ақсақалды кісі келіп:
– Балам, қай жақтан келдің? – деген сауал тас­тады.
– Мен Қызылорда жақтан келдім, – дедім.
– Е, Есмұрат ауылынан екенсің ғой, – деді ол.
Демек, Есмұрат есімі ақтөбеліктерге де етене таныс болған.
Сейітмұрат Ембергеновтың «Мен Асқар аулынанмын» атты кітабының 31- бетінде «Есмұрат би» атты мақаласында былай делінген: ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас жағында Сыр елінде аты шыққан билердің бірі – Ошақты Есмұрат би. Есмұрат жас кезінен- ақ турашылдығымен, отауызды, орақ тілділігімен есімі ел ішіне ерте таралып, «Бала жолбарыс» атанған. Өкініштісі, Есмұраттың билік жасаудағы біліктілігі мен батылдығы жайлы деректерді білетіндер жоқ. Тек оның ер мінезділігі мен жомарттығына дәлел боларлықтай бірлі-жарымды әңгімелер ғана бар.
Шортанбай би бірде Есмұраттың үйінде қонақта болады. Үй егесі қонағын құрметтеп күтіп, түнімен әңгіме тиегін ағытады.
Қазақ салты бойынша жасы үлкендер сөйлеп, кішілері тыңдау ләзім. Бұл жерде керісінше болады. Ертесіне аттанып бара жатып Шортанбай би Есмұрат биге: «Есмұрат, шырағым-ай, кісіге берерім көп те, аларым аз екен» десе керек. Өзінен ағаттық кеткенін аңғарған Есмұрат беліндегі кемер белбеуін шешіп беріп, кешірім сұраған екен.
Есмұрат үнемі «Алаған қолым береген» дейтін жан екен. Халықтың бергенін жамбасына басып қора- қора мал жиған, пайда қуған, дүние жиған кісі болмапты. Тапқан табысын ағайыны мен кедей-кепшіктерге үлестіріп, келіп қалған көлденең көк аттыға да мал сойып қонақасы беретін жомарт жан болған деседі.
Бұқарбай батыр кезекті бір жортуылдан келе жатып Есмұрат ауылының тұсына келгенде:
– Жиенге түсейін, өзін жомарт дейтін еді, көрейін, – деп жортуылдан түскен олжа жылқыларына қарауға бір-екі жігітін қалдырып, қалғанын ертіп, беймезгіл уақытта Есмұрат бидің үйіне келеді. Би жалма-жан жүгіре шығып, батырдың шылбырынан ұстап, өзін аттан түсіріп, үйге кіргізіп, дархан көңілімен шәй-суын бере жүріп, жігіттеріне өзінің мініс атын сойдырып, қонақасын шын пейілмен беріп, шығарып салады.
Ауылдан ұзай бере батыр жігіттеріне:
– «Қылышынан қан тамған батырыңды тілінен бал тамған шешен алады» деуші еді. Рас екен. Ат үстінде шаршап келе жатқанда «Мына би қалай екен?» деп үйіне түсіп едім. Көрдіңдер ғой, өзіңнің қонақжайлылығын, оның үстіне сөйлеген сөзі не тұрады? Сендер не байқадыңдар? – деп қасындағыларға барлай қарайды. Жігіттері тоя жеген тамағынан басқа ештеңе байқамағанын білдіреді. Сонда батыр: «Біз келгенде би үйінің маңында өзінің мініс аты тұрған еді. Енді бірде түзге шыққанда орнында ат жоқ, қазан қайнап жатты. Би өзінің мініс атын сойып, беймезгіл келген бізге қонақасы берді. Мына олжадан жылқысының қайтарымы болсын, бір үйірін апарып беріңдер. Әлдеқалай қуғыншы келер болса, Бұқарбай сарбаздары сыйлап кетті десін» деп, әрі қарай жүріп кетіпті.
Ал тағы бір әңгімелерде Сыр бойындағы атақты екі Жүсіптің айтысына да ара ағайындыққа түсіп, татуласуына ықпал етіпті дейді.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
23 шілде 2019 ж. 839 0