Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕЙФУЛЛИНДЕ СПОРТТЫҚ ЖАРЫС

СЕЙФУЛЛИНДЕ СПОРТТЫҚ ЖАРЫС


Сыр елінде әділ билігімен ел дауын шешіп отырған билер көп болған. Олар елде әділдіктің қалқаны болып, ауызбірлікті сақтауға үлес қосқан. Сондай билердің бірі – Шортанбай Ерубайұлы. Әділдігімен, шешендігімен елден озған би Сыр өңірінде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Оның ұрпақтары Тереңөзек кенті және С.Сейфуллин ауылында тұрады.
Жақында Шортанбай бидің ұрпақтары дәстүрге айналған турнирді өткізді. №137 орта мектептің спорт залында биыл үшінші рет Шортанбай Ерубай­ұлын еске алуға арналған ау­дан мектептерінің жастар ара­сын­да волейболдан жарыс ұйымдас­тырды. Оған Н.Ілиясов, Қоғалыкөл, Қалжан ахун, С.Сейфуллин ауылы және Сырдария агро-техникалық колледж құрамасы қатысып, өзара бақ сынады.
Еске алу турнирінің ашылуында аудандық мәслихат депутаты, №137 орта мектеп директоры Бағдат Есназар мен Шортанбай би ұрпақтары сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осыдан соң құрамалар арасында тартысты ойын өрнегі өрбіп, волейболшылар жеңіске ұмтылды. Нәтижесінде, С.Сейфуллин бірінші орынды жеңіп алса, Қалжан ахун және Сырдария агро-техникалық колледж құрамасы екінші, үшінші орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздар «Алғыс хатпен», қаржылай сыйлықпен марапатталды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.
***
Сондай-ақ, С.Сейфуллин ауылын­дағы №137 орта мектепті 1999 жылы бітірген түлектер футболдан аудандық жарыс өткізді. 20 жылдық түлектердің білім алған ұясына келіп, спорттық шара өткізуі игілікті іс. Сондықтан бұған жан-жақтан аяқдопшылар жиналды. 8 құрама қатысқан аудандық турнирге облыс орталығынан да спортшылар келді.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында жүлделі бірінші орынды №137 орта мектептің мұғалімдер командасы жеңіп алды. Екінші орынды «Сейфуллин жастары» иеленсе, Қызылорда қаласынан келген команда үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздар дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

«ТТ» ақпарат

25 мамыр 2019 ж. 792 0