Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім бар
Кеше аудандық мәслихаттың кезекті VII сессиясы өтті. Сессия жұмысына депутаттардан бөлек аудан әкімі Берік Сәрменбаев, мекеме, бөлім басшылары қатысты. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов жүргізді.
Кезекті сессияның күн тәртібінде он мәселе қаралды. Мәселелердің барлығы маңызды және терең талдауды қажет ететіндіктен сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оған аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев төрағалық етті.
Бұл жолғы сессияда аудан әкімі аудандық мәслихат депутаттары алдында жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есеп берді. Аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының басым бағыттары жөнінде баяндап, алдағы жоспарларды жеткізді.
– Президенттің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда жоспарланған ауқымды шаралар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасты, – деп бастады аудан әкімі өз баяндамасын.
Мұнан соң биыл аудан бюджеті 9,6 млрд теңге болып бекітіліп, 10,7 млрд теңгеге нақтыланғанын, қазіргі таңда бюджеттің 63,7 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталып жатқанын айтты. Сондай-ақ есепті кезеңде аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасқанын жеткізді.
– Өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,4 пайызға өсті. Инвестиция 72,4, тұрғын үй құрылысы 26,9 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 есеге артты. Өздеріңізге белгілі, ауданымыз аграрлы аймақ болып табылады. Осы ретте, егін егу жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен жүргізілді. Биыл аудан бойынша егілген егістің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артты. Атап айтқанда, 35 мың 732 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 23 мың 500 гектарға күріш, 12 мың 232 гектарға басқа дақылдар егілді. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы мәселе тудырды. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы шаруашылықтарға 22 насос алынды. Биыл қосымша 4 насос алынып, бүгінде ауданда 32 насоспен егінге су жеткізілуде. Өткен жылдан бері аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауданда 2022 жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін орналастырды. Бұл бағытта жастар белсенділік танытуда. Былтыр екі ауылда құрылған жастар бригадасы 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша төрт ауылда жастар бригадалары құрылып, 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімінің хабарлауынша, қазіргі таңда ауданда 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Жалпы, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліпті. Ал жеңілдетілген несие алу үшін 414 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарымен қарастырылуда.
– Ауданда құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. 2023 жылға 11,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 7,4 млрд теңгенің 62 жобасы қолдау тапты. Бірінші жартыжылдық қорытындысында 6,8 млрд теңге игерілді. Жол жөндеу саласында да жұмыс қарқынды. Биыл 31 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Сол бойынша 27,6 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланды. Есепті кезеңде 14,3 шақырым жол қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өтті. Сонымен бірге, «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолына 1,4 млрд теңгеге, «Шымкент-Самара-Тереңөзек» трассасына 687 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында атап көрсетілгендей, ауданда электр қуаты мен ауыз су құбыры желілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткені анықталды. Осыған байланысты бюджет көздерінен 2,7 млрд қаржыға Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылуда. Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерін электрмен жабдықтауға демеушілікпен жобалар әзірленуде, – деді аудан басшысы.
Атап өтетін жағдай, Тереңөзек кенті табиғи газбен толық қамтамасыз етілсе, елді мекендерде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қалжан Ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарын газдандыру үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 3,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 2023 жылға Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге 330 млн теңге бөлінді. Ал, С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жобасын бастауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, жұмыстар жасалуда. Демеушілік есебінен жасалған Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына бюджеттік өтінім ұсынылса, Бесарық, Ақжарма елді мекендерінің жобалары жасалуда.
– Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту қашанда басым бағыттарға ие. Биыл ауданда 2142 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бірінші жартыжылдық бойынша 1233 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл 57,6 пайызды құрады. Мемлекеттің жарқын болашағы жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Аудан бойынша 53 білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағытта 5 инновациялық мектеп-лицей бар. Аз қамтылған отбасы мен 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. 2022-2023 оқу жылын 471 түлек мектеп бітіріп, олардың 396-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ауданның орташа балы – 83,2. Мектеп бітіруші түлектердің 29-ы «Алтын белгі», 35-і «Үздік аттестат» иегері атанды, – деген аудан әкімі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру басты назарда екенін жеткізді. Биыл жазғы демалыспен 6647 баланың 6381-і немесе 96 пайызы қамтылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Ауданда халық денсаулығын жақсарту үшін медициналық мекемелер де жаңартылуда. Облыстық бюджеттен 182,4 млн теңге бөлініп, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттер күрделі жөндеуден өтуде. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 405 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы салынуда. Сондай-ақ, Аманкелді ауылына биохимиялық анализ алатын анализатор аппараты қойылды. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық ауылдарының халқы аудан орталығына бармай, жақын жерден анализдерін тапсырып, ем шаралары жасалуда, – деген Б.Сәрменбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс әкімінің қолдауымен жоспарлы жұмыстар жүргізіле беретінін жеткізді.
Баяндамадан соң аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев пікір білдіріп, аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ ауданымыз үшін маңызды жұмыстарға депутаттардың да атсалысып келе жатқанын айтып, ауданның жақсы көрсеткіштерге жетуі жолында еңбек ету – ортақ міндет екенін айтты.
Жалпы, бұл жолғы сессия мен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында аудандағы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту шаралары туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаев пен аудандағы қоғамдық тәртіптің жай-күйі жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Оспановтың да есебі тыңдалды. Бірінші мәселе туралы аудандық мәслихат депутаты А.Есназар пікір білдірсе, аудандағы қоғамдық тәртіп, оның ішінде полиция бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы депутат А.Ибрагимұлы бірқатар ұсыныстар айтты. Сондай-ақ «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде марапаттау комиссиясына келіп түскен ұсынысты аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев таныстырып, депутаттардың бірауыздан қолдауымен ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және көп жылғы еңбегі үшін Көшербаев Айтбай Болатұлына «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде шешім қабылданды. Мұнан бөлек аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов «2023–2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы № 175 шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады. Сессияда мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде Тереңөзек кенті мен елді мекендерінің шекараларын белгілеу, комиссия құрамын өзгерту мәселелері бар.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ