Бюджетке өзгерістер енгізілді
Аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиевтің төрағалығымен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының және «AMANAT» партиясы фракциясының бірлескен отырысы өтті. Комиссия отырысына аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев және аудандық мәслихат депутаттары, тиісті бөлім басшылары қатысты.
Тұрақты комиссияның күн тәртібінде 12 мәселе қаралды. Мәселелердің басым көпшілігі аудан бюджетінің атқарылуы мен игерілуі, тұрғын-үй, әлеуметтік сала және бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналды. Депутаттар тиісті ұсыныс пікірлерін айтып, сауал жолдап, атқарушы орган өкілдерінен жауап алды. Тұрақты комиссияда талқыланып, нақтыланған мәселелер сессия қарауына ұсынылды.
Ал кезекті 16 сессия отырысына аудан мәслихатының депутаттарымен қатар аудан әкімі М.Ергешбаев, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының комиссия мүшесі М.Сатлабаев қатысты. Сессияға аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов төрағалық етті.
Күн тәртібінде ұсынылған мәселелер бойынша ең алдымен 2021 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту туралы аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев баяндама жасады. Мұнан соң Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының 2021 жылғы аудан, кент және ауылдық округтер бюджетінің атқарылуы туралы баяндамасы тыңдалды. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының комиссия мүшесі М.Сатлабаев тексеру қорытындысын жария етті.
Сессияда сонымен қатар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов ауданның даму жоспарының іске асырылуы, нысаналы индикаторларына қол жеткізілуі және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы депутаттарға ақпарат берді. Өз кезегінде аудандық қаржы бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова 2021 жылға арналған кент пен ауылдық округтер бюджетінің атқарылуы туралы есеп қорытындысымен бөлісті. Ал аудандық мәслихаттың қаржы және бизнес, экономика, өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, коммуналдық шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Д.Ералиев аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша қорытынды баяндама жасады.
Депутаттар сессияға ұсынылған мәселелердің барлығын кеңінен талқылап, тиісті ұсыныстар енгізіп, шешім қабылдады. Сессия соңында аудан әкімі М.Ергешбаев сөз сөйлеп, ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерін жақсартуға ерекше мән беру керектігін атап өтті. Бұл ретте депутаттарды кәсіпкерлік саласын дамытуға бірлесе үлес қосуға шақырды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ