Тоспа доп бәсекесінде ұстаздар топ жарды
Санаулы күннен кейін елімізде білім ошақтары оқушыларға есігін айқара ашады. Қазіргі уақытта ата-аналар базарға ағылып, балаларының жаңа оқу жылына керекті құрал-саймандарын сақадай сай етуде. Өз кезегінде тамыз айының алғашқы онкүндігінде бастау алған «Мектепке жол» акциясы аудан көлемінде ұйымдастырылу үстінде. Жылдағы дәстүр бойынша білім саласы қызметкерлері республикалық акцияға үн қосты.
Негізінен, республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Сырдария ауданы бойынша білім бөліміне қарасты дене шынықтыру пәні бірлестігінің мұғалімдері арасындаволейболдан жарыс өткізілді. Аталған жарыс барысында 80-ге жуық білім саласының мамандары өзара бақ сынасты. Тартысты ойын кезінде әзілі мен сөзі жарасқан әріптестер үздік болуға ұмтылды. Тоспа доп бәсекесінде әрбір ұжымның ұйымшылдығы көрінді. Өз кезегінде Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Үсенов ізгілікті іс-шара жөнінде пікір білдірді.
– Жалпы, аудандық волейбол жарысының негізгі мақсаты – мектепке жол акциясы негізінде аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларға жаңа оқу жылына оқу-құрал жабдықтармен көмек көрсету, білім қызметкерлерін спорт түрлері арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Өткен жылы ауданға қарасты 17 білім ошағы қатысуға ниет білдірсе, биыл олардың саны 5-ке қысқарды. Айта кетейік, №35, 36, 42, 44, 129, 131, 132, 135, 139, 147, 174, 191 секілді ұлағат ұяларының дене шынықтыру пәні бірлестіктері белсене қатысты. Әркез баланың қуанышы үшін бар жақсылықты жасауға болады. Халық баласын білім нәрімен сусындатып келе жатқан ұстаздар қауымы 12 отбасының баласына ерекше қуаныш сыйлады. Бұл ретте, әріптестерімізге айрықша алғыс айтамыз, – деді Сұлтан Үсенов.
Өз кезегінде жарыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды №44 орта мектеп ұжымы, ІІ орынды №191 орта мектеп ұжымы, ІІІ орынды №36 мектеп лицей мен №147 орта мектеп ұжымы жеңіп алды. Жеңіс тұғырынан көрінген білім қызметкерлеріне арнайы диплом, алғыс хат, кубок табысталды.
– Тоспа доп бәсекесінде қоғалыкөлдік ұстаздар топ жарғанына қуаныштымыз. Біз осы жарысқа аса ыждағаттылықпен дайындалдық. Қашанда халық баласына сапалы білім беруге ұмтылатын ұлағатты ұстаздар қауымы ізгілікті істің басынан табылды. Шын мәнінде, республикалық дәрежеде өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» акциясына үлес қосқаны үшін әріптестеріме ризашылығымды білдіремін. Әрбір үйде, көпбалалы отбасында мектепке дайындық жүргізген ата-аналар базар бағасының жоғары екенін тілге тиек етеді. Сондықтан бірлестік тарапынан ұйымдастырылған ізгілікті іс-шарадан қалыс қалмауға тиіспіз. Баланың жүзінен тек күлкі көріп, бақытты екенін сезінсек біз үшін жеткілікті. Өз кезегінде әріптестеріміз республикалық акцияға үн қосып қана қоймай, алдағы жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстарды талқылады. Жаңартылған білім мазмұнына байланысты өзара тәжірибе алмасу жүргізілді, – деді №44 орта мектептің мұғалімі Тұрар Жағыпаров.
Балтабай ОРДАБЕКОВ