30 оқушыға қуаныш сыйлады
Жаңа оқу жылы қарсаңында жылдағы дәстүрге сай облыстық мәслихат депутаты, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Расул Есенов AMANAT партиясының «Баланы мектепке даярлайық» және республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушыларға қуаныш сыйлады.
Белгілі меценат аудандық білім бөлімі мен Тереңөзек кентіндегі 4 мектептің ұсынысына сәйкес бұл жолы 30 оқушыға оқу құралдары мен мектеп формасын алу үшін қаржылай қолдау көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, қайырымдылық акциясына айрықша үлес қосқан жанашыр азаматқа ата-аналар шынайы алғысын білдіріп, ақ баталарын беруде.
– Қолымыздан келген көмекті мүмкіндігімізге қарай жақсы істерге бағыттауды азаматтық міндетіміз деп білеміз. Білім күніне орай оқушыларға қуаныш сыйлауды жөн көрдік. Олардың қажетті оқу құралдарымен, мектеп киімімен қамтамасыз етілуі бәріміз үшін де маңызды. Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын оқушылар білімді, саналы ұрпақ болып қалыптасса, мемлекетіміздің де болашағы жарқын болары анық, – дейді Расул Есенов.
Бұл ретте, аудандық білім бөлімі де игі істі жүзеге асыруға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтады.
– Елдің бірлігі, ердің ірілігі жақсы істерде танылып, көпшілікке үлгі етіледі. Білім күні қарсаңында ауданымыздың атымтай жомарт азаматтары қайырымдылық іске атсалысып, оқушыларды оқу құралдарымен, мектеп киімімен қамтамасыз етуге көп үлес қосты. Оның ішінде, шаруашылық төрағалары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер бар. Ауданның білім саласының атынан жанашыр азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Көмекке қол жеткізген оқушылар алдағы уақытта сеніміміз бен үмітімізді ақтап, оқуда озат болып, биік белестерді бағындырады деп үміттенеміз, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ