Доп додасында дара шықты
Апта ағымында Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ұстаздар арасында кіші футболдан аудандық жарыс өткізілді. Доп додасына аудан бойынша 11 мектептен жасақталған бірнеше топ өзара бақ сынасты.
Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Кіші футболдан жарыс ұйымдастырудың негізгі мақсаты – көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасының балаларына көмек көрсету болып табылады. «Мектепке жол» республикалық акциясының мән-мағынасын арттырған ұлағатты ұстаздар жарыс көрігін қыздырды. Үздік топтар жүлде үшін таласта жоғары шеберліктерін байқатты.
– Саламатты өмір салтын ұстанған ұстаздар кіші футболдан өткізілген жарыс барысында табандылық танытты. Оқушыларға спорттың әліппесін меңгертетін олардың жеңіске құлшынысы ерекше болды. Бір-бірінен асып түсуге тырысқан топтар үздік атануға барын салды. Негізінен, аудан көлеміндегі 17 мектептің ұстаздарының толықтай қатысуына сұраныс жіберілген болатын. Дегенмен, 11 білім ошағаның ұстаздары белсенділік танытты. Осылайша, қайырылымдылық акциясы негізінде бірнеше балаға мектеп формасы мен арнайы оқу құралын алуға көмек көрсетілді. Республикалық акцияға үн қосқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне алғыс айтамын, – деді Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Сұлтан Үсенов.
Тартысқа толы жарыстың қорытындысында жүлделі ІІІ орынды №132 А.Түймебаев атындағы орта мектебі, ІІ орынды №126 орта мектебі, І орынды №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебі иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом тапсырылды. Сонымен бірге қайырымдылық акциясына үн қосқан ұстаздарға ата-аналар өз алғыстарын жеткізіп, ақ тілектерін жаудырды.
Балтабай Аябекұлы