Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спартакиадада бақ сынады

Спартакиадада бақ сынады

«Ұстаздар күні» мерекесі аясында аудандық білім бөлімі мен білім саласы қызмет­керлерінің кәсіподақ комитеті, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мұ­ға­лімдер арасында спартакиада өт­кізілді. Аудандық спартакиадаға 17 мектеп атынан білім қызметкерлері қатысып, түрлі спорт бойынша бақ сынады.

Дәстүрлі түрде жалауын көтерген спартакиаданы ашқан аудандық білім саласы қызметкерлері кә­сіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар ұстаздарды төл мерекемен құттықтады.

– Қай кезде болмасын ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыратын бір ғана жол бар, ол – білім. Халық баласын оқытуда қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздарға алғысымыз шексіз. Бүгін кәсіби мереке аясында аудандақ спартакиадада білім саласының мамандары 8 спорт түрінен бақ сынайтын болады. Барлық әріптескге спорттық жарыстарда сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білді­реміз! Ұлағаты мол білім қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Алмас Есназар.

Екі күнге созылған спартакиада барысында ұс­таздар қауымы футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күресі секілді спорт түрінен өзара мықтыны анықтады. Жекелей және командалық жарыста қырағылық танытқан білім саласы қызмет­керлері үздіктер қатарынан көрінуге тырысты.

Спартакиада жарысының қорытындысында 8 спорт түрінің толыққанды нәтижесінің есебі бойынша №44 орта мектеп жеңімпаз атанды. ІІ орынға №126 орта мектеп табан тіреді. Ал ІІІ орынды №139 орта мектеп иеленді. Барлық қатысушы командаларға арнайы кубок пен диплом тапсырылды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
04 қазан 2022 ж. 333 0