Жастар жұмыспен қамтылды
Апта ағымында аудандық «Мансап» орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Жаңа жүйемен жұмыс жасап келе жатқан орталықтың мамандары жәрмеңке барысында бірнеше жұмыс беруші мекеме өкілдерімен кездесу ұйымдастырды.
Негізінен, бүгінде аудан бойынша 1196 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл жолғы бос жұмыс орындар тізбесіне Тереңөзек кенті әкімі аппаратына күзетші, №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебіне хатшы, Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүргізуші, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қарасты Қалжан ахун ауылдық модельді кітапханасына кітапханашы, №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебіне электрик қызметі кірген. Ал Шіркейлі ауылдық өнер мектебіне «Домбыра» пәнінің мұғалімі, «Баян» пәнінің мұғалімі, «Теория-сольфеджио» пәнінің мұғалімі, Шаған ауылдық өнер мектебіне «Қобыз» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша көпшілік жұмыс берушімен жолықты. Өз кезегінде «Сандуғаш» жеке кәсіпкерлік нысанына жұмысшы, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіне кіші буын, «Зерде» дәріханасына фармацевт, Сырдария аудандық статистикалық бөліміне жүргізуші қызметіне аудан тұрғындары шақырылды. Аталған жұмыс орындарына жұмыссыз жастар мен жекелеген азаматтар сала мамандарымен пікір алмасты. Мәселен, жүргізушілік бойынша жұмыс іздеп келген жандарға автокөлік басқарудың негізгі талаптары түсіндірілді. Көбіне, ауданға қарасты өнер мектептерінің ұстаздарын жасақтауға көңіл бөлінді. Жаңадан жұмыс іздеушілер қатарында жастардың болуы – көңілге медеу сыйлады. Оқуды тәмамдап, өз мамандығы бойынша қызметке орналасуға ниетті жандар баршылық.
– Біздің орталық мамандарының бастамасымен жыл басынан бері бос жұмыс орындарының 3 жәрмеңкесі өткізілді. Осы жолы 30-ға жуық азамат жәрмеңкеге қатысып, 10 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, жастар санатына жатқызылған мамандар бар. Өз кезегінде «12 – тамыз Халықаралық жастар күнімен» аудан тұрғындарын құттықтаймын! Шілде айынан бастап жұмысын қайта бастаған орталықта 13 маман қызмет етуде. Айта кетейік, есепті мерзімде «Әлеуметтік жұмыс орындарына» – 32 адам, «Жастар тәжірибесіне» – 29 жас маман; «Қоғамдық жұмыстарға» – 772 адам, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 4 адам, «Ұрпақтар сабақтастығы» бойынша – 1 адам, «Күміс жас» бойынша – 50 адам жұмыспен қамтылды, – деді «Мансап» орталығының директоры Еркебұлан Дәуітбекұлы.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ