Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық турнир жалауын көтерді

Республикалық турнир жалауын көтерді

«Абзал және К» толық серіктестігі бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі негізінде ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына ғана емес, спорт саласының өр­кен­деуіне де өз үлесін қосып келеді. Мәселен, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін теннис жарысы бүгінде рес­публикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Айтулы дода биыл да өз жалауын көтерді.

«Абзал және К» ТС жүлдесі үшін өткізіліп жатқан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Б.Сәрменбаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «...саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажет» деді. Ел Президентінің бұл тапсырмасы аясында Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Оның қатарында Нағи Ілиясов ауылында ашық турнирлерді тұрақты ұйымдастыру үрдіске айналды. Осыдан бес жыл бұрын алғаш рет жалауын желбіреткен республикалық турнир спортшылардың үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашты. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін ескерсек, жастарымыздың ертеңі үшін осындай спорттық іс-шаралардың маңызы ерекше. Республикалық турнирдің өтуіне Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан өскелең ұрпақтың денсаулығын шыңдау үшін спорттық жарысты ұйымдастырушы ардақты аза­матқа шынайы алғысымды білдіремін. Турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Өз кезегінде Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев спорт бәсеке ғана емес, достық пен бірліктің жаршысы екенін айтып, республикалық турнирге қатысушыларға жеңіс тіледі. Сондай-ақ «Абзал және К» ТС-нің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде айтып өтті.

Айта кетейік, республикалық турнирге 10 облыстан 120 спортшы қатысты. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалық сыйлықтармен марапатталды. Турнирге елімізге белгілі төрешілер де қатысып, спортшылар бә­секесін әділ бағалауға өз үлестерін қосты.

Ақтөре Ибрагимұлы
08 тамыз 2023 ж. 149 0