Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық турнир жалауын көтерді

Республикалық турнир жалауын көтерді

Кеше Тереңөзек кен­тінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қобландин Сұлтанбек Ибрагимұлын еске алуға арналған республикалық турнир жалауын көтерді. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, ҚР Хоккей федерациясының прези­денті Б.Сексенбаев және аудан ардагерлері мен спортшылар қатысты.

Турнир басталмас бұрын аудан­дық тарихи-өлкетану музе­йінің ұйымдасты­руымен көрме көрсетілді. Көрмеге С.Қоб­лан­диннің жеке мұрағатынан алынған заттар, жетістік­терін айшықтайтын медальдар, суреттер қойылды. Мұнан соң аудан әкімі жиналғандарды турнирдің басталуымен құттықтап, жарысқа қаты­сушыларға сәттілік тіледі.

– Спорттың бұқаралық сипатын дамыту бағытында ауданда ауқымды жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Оның қа­та­рында жасөспірімдерді спортқа бе­йім­­деу үшін түрлі деңгейдегі жарыстар тұрақ­­ты ұйымдастырылып келеді. Соның айғағы ретінде бүгін ауданымызда өт­кізіліп отырған осы спорттық іс-шара­ны айтуға толық негіз бар. Бүгін Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Қобландин Сұлтанбек Ибрагимұлын ес­ке алуға арналған көгалдағы хоккейден республикалық ашық турнир жалауын желбіретті. Көгалдағы хоккейдің шебері болған Сұлтанбек Ибрагимұлы – ел спор­тының дамуына сүбелі үлес қосқан азамат. Ол жастайынан спортқа бейім болып, КСРО чемпионатының қола және күміс жүлдегері атанған. Көптеген елдерде өткізілген байрақты бәсекелерде топ жарып, өз мықтылығын дәлелдеген азамат еді.

Соның бір айғағы 2001 жылы көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілді. 1986 жылдан бастап Қызылорда облысының көгал­дағы хоккейден ерлер-әйелдер құрама командасының аға бапкері, Қазақстан Республикасы ерлер құрама команда­сының аға бапкері сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Абыройлы еңбегі үшін 2020 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Еңбек жолында 125 спорт шеберін және 5 «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін» дайындап шықты. Сұлтанбек Ибрагимұлы арамызда бол­ғанда бұл көрсеткіштер еселенері сөзсіз еді. Дегенмен, жақсының ісін ұлы мен шәкірттері жалғастырып, ауданымызда көгалдағы хоккейді дамытуға өз үлесін қосып келеді. Сұлтанбек Ибрагимұлының жарқын бейнесі өңір спортының дамуына ерекше үлес қосқан азамат ретінде әріптестерінің есінде мәңгі сақталатыны анық. Биыл бірінші рет жалауын көтергелі отырған Сұлтанбек Ибрагимұлын еске алуға арналған көгалдағы хоккейден республикалық ашық турнир соның бір дәлелі. Бүгінгі айтулы спорттық бәсекеге жиналған спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң ҚР Хоккей федерациясының президенті Б.Сексенбаев пен Қызылорда облыстық хоккей федера­ция­сының президенті М.Текетаев сөз сөйлеп, көгалдағы хоккей спортын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Сондай-ақ С.Қобландиннің еңбегін жоғары бағалап, оның ізбасар шәкірттеріне әркез қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал әулет атынан С.Қобландиннің жеңгесі Б.Маханова сөз сөйлеп, турнирді ұйымдастырушыларға шынайы риза­шылығын білдірді.

– Бүгін біздің әулетіміз үшін өте маңызды тарихи күн. Әуле­тіміздің аяулы азаматы Сұлтанбекті жоғалтқанымызға бүгін бес айдың жүзі болыпты. Жүректі сыздатқан жан жарамыз жазылмай, орны бөлек, бірімізге адал жар, бірімізге қамқор бауыр, бірімізге қимас дос болған, ал мен үшін тіптен орны бөлек Сұлтанбекті жоқтаудамыз. Жасынан елгезек, бауырмал, өжет, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін Сұлтанбектің өмірі көз алдымыздан өтіп жатыр. Ол көп балалы отбасының перзенті еді. Жақсы оқушы, озат студент, қамқор бауыр, адал дос, ата-анасының, елінің мақтанышы бола білді. Оның көгалдағы хоккейдегі жеткен жетістіктері мен марапаттары бүгінде бәріміз үшін зор мақтаныш. Бапкер болу үлкен біліктілікті, төзімділікті, қабілетті қажет етеді десек, осы кере­мет қасиеттер Сұлтанбектің бойынан табылатын. Ардақты азаматтың Қазақстан спортына сіңірген еңбегін ескеріп, бүгін турнир ұйымдастырып жатқан барлық азаматтарға әулеті­міздің атынан алғыс айтамыз, – деді Бибімария Маханова.

Айта кету керек, 8 командаға топтасқан 200-ге жуық спортшы қатысып жатқан турнир бірнеше күнге созылмақ. Жеңім­паздарға «Қайсар» хоккей клубының, ҚР Хоккей федера­циясының және Қобландиндер әулетінің атынан арнайы марапаттар беріледі.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
16 мамыр 2023 ж. 290 0