Көпқабатты үйдің коммуналдық мәселелері талқыланды
Жалпы, қоғам өмірінде тұрғын үй мәселесі өз өзектілігін ешқашан жоймайды. Қазір еліміз бойынша тұрғын үй мәселелерін реттеуге арналған кешенді іс-шаралар қабылданып, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын өзекті дүниелерді жүзеге асыру жүргізілуде. Осы ретте, тұрғын үй саласы бойынша өзгерістерді түсіндіру мақсатында аудан орталығындағы Н.Ергешбаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен арнайы кездесу өткізілді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Р.Еспенбетов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Бисембаев, Тереңөзек кенті әкімі Е.Бақтияров, тиісті сала басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.
Негізінен, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың жалпы ұлттық жоспарының 143-тармағын орындау мақсатында жол картасына сәйкес, кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа жүйесіне көшу енгізілген. Жүйе негізінде меншік иелері бірлестігі және жай серіктестік құру мақсатында Сырдария ауданының көлемінде тұрғындарға жай серіктестік құру үшін 13 яғни, 18 пәтерлі 4 үй, 17 пәтерлі 1 үй, 12 пәтерлі 5 үй, 10 пәтерлі 1 үй, 16 пәтерлі 2 үй көппәтерлі тұрғын үйге жай серіктестік басқару органы құрылған болатын. Пәтер иелері кооперативі тұрғын үйлерді басқаруды 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тоқтатуына байланысты, жаңа заңнамаға сәйкес, тұрғындар заңды тұлға ретінде меншік иелерінің бірлестігін немесе барлық тұрғындар бірлесіп басқаратын жай серіктестік құруы қажет туындаған. «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы аясында әр үйдің тұрғындары ортақ қаржысын өздері басқарып, пайдалана алады екен.
Бұл ретте, «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы басты тетіктерін талқылаған аудан әкімі орынбасары Р.Еспенбетов жергілікті тұрғындармен пікірлесті. Ал, қарымды қаламгер, жергілікті тұрғын М.Қалмұратұлы тұрғын үйге қатысты бірқатар мәселені көтерді.
– Жаңадан қабылданып, қолданысқа енгізіліп жатқан өзгерістер жөнінде кеңінен ақпарат ала білдік. Тұрғын үйді күтіп ұстау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өзіміз тұратын пәтеріміздің ауласын таза ұстап, күл-қоқысқа толтырмауымыз керек. Сонымен бірге тұрғын үйлердің есігін қайта жөндеуден өткізу керектігін айтамыз. Алда жылу маусымы келе жатыр. Тұрғын үйлерді жылытуға байналысты тиісті жұмыстар жүргізілсе деген тілек бар. Ал, «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы аясында оңтайлы шешімдер қабылданып, тұрғындардың игілігі үшін қызмет ете берсін, – деді Мүсілім Қалмұратұлы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан көпқабатты тұрғын үйдің кейбір пәтерлерінің қыста жылымайтыны және едендерінің тозғаны айтылды. Сонымен қатар электрик, сантехник мамандарының жұмысын бақылауға алу, кешке және түнемелік мезгілде халық көп шоғырланатын аумаққа учаскелік полиция инспекторларын бөлу, қосымша бейнебақылау камераларын орнату ұсынылды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ