Аудан әкімі А.Тоқмағанбетов және Тереңөзек кенті тұрғындарымен кездесті
Аудан әкімі Б.Сәрменбаевтың ІІ тоқсандағы есепті кездесуі А.Тоқмағанбетов және Тереңөзек кенті тұрғындарымен жалғасты.
Аудан басшысы кездесуде аймақ бойынша атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, бала тәрбиесіне баса назар аударуды, жасөспірімдер арасындығы құқықтық тәрбиесін тұрақты бақылауға ұстауға шақырды.
Халықты толғандыратын әлеуметтік, проблемалық мәселелерін шешу мақсатында өткізіліп жатқан кездесуге облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Әжікенов, аудан прокуроры А. Кемалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Келдібаев, дербес бөлім мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
Биыл А.Тоқмағанбетов елді мекенінде ауылдық дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, Б.Қашқынбаев көшесі жарықтандырылды. Алдағы уақытта, Ш.Мұнарбаев көшесіне асфальттау жұмыстары жүргізілетін болады.
Тереңөзек кенті бойынша И.Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу, оның ішінде тротуар мен темір бетонды лоток орнату жұмыстары, кент орталығына көркейту- көгалдандыру мақсатында А. Иманов орталық көшесіне “жасыл белдеу” жұмыстары жүргізіліп, тал көшеттері отырғызылып, екі жағының шарбақтары жаңаланды. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің негізінде А.Тоқмағанбетов көшесі бойындағы "Қаракөл" каналына жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салынды. 2022 жылы демеушілік есебінен А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын жаңғырту жобасы әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Жобада аулаішілік жолдар асфальтталып, қосымша автотұрақтар, жаңа типтегі ойын және спорт алаңдары мен демалыс орындары қарастырылған. Жобада 15 көпқабатты тұрғын үй ауласы қамтылды.
Тұрғындар өз кезегінде, ұсыныс-сұрақтарын қойып, жеке мәселесімен аудан басшысының жеке қабылдауында болды. Көтерілген мәселелер бойынша хаттамаланып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.