Сән салоны ашылды
Мемлекеттік қолдау шараларының және өзінің қарым-қабілетінің арқасында кәсібін жүргізіп, халыққа қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлер саны жыл санап артуда. Бұл қатарға соңғы жылдары сұлулық салондарының егелері де қосылды. Осы ретте таза, ұқыпты және талапқа сай қызмет көрсетуге бейімделген Ақнұр Еспанованың есімі ауданның қыз-келіншектеріне етене таныс. Ол жақында өзінің «Ақнұр» сән салонын ашты.
Ақнұр Айтқалиқызы – аудан орталығына жақын орналасқан Қалжан ахун ауылының тумасы. Ауылдағы №126 орта мектепті бітіргеннен кейін алғашында компьютерлік курс оқып, білімін жетілдірген. Сосын кондитерлік өнімдер шығаратын цехта жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған. Ол осы кезде сұлулық салонында жұмыс істеуді, мүмкіндігі болса, жеке өзінің сән салонын ашуды армандайтын-ды. Сол арманына 2017 жылы қол жеткізді. Әуелі өзі секілді қолынан іс келетін әйел азаматтармен бірлесе жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп түрлі курстарға қатысып, білімін толықтырып, тәжірибесін шыңдады. Сөйтіп, бірнеше жылдың ішінде сұранысқа ие маманға айналды.
– Кәсіптен табыс табу оңай жұмыс емес. Кәсіпкерлікпен айналысу ерте тұрып, кеш жатуды талап етеді. Әрбір тапсырыс берушінің талабының, сұранысының уақытылы әрі сапалы орындалуының маңызы зор. Мен шаш қию, қас жұлу, кірпік бояу, бетке макияж жасау, тырнақты бояу және жасанды тырнақ жабыстыру жұмыстарын атқарамын. Бұрын ер азаматтардың да шашын алатын едім. Қазір тек әйелдерге қызмет көрсетемін. Биылдан бастап мемлекеттік қолдаудың арқасында 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант алып, сән салоныма қажетті заттарды сатып алдым. Енді алаңсыз жұмыс істеуіме болады. Маған қолдау көрсеткен ата-анама, тілекші жақындарыма айтар алғысым шексіз, – дейді ол.
Иә, Ақнұрдың тілекшілері көп. Олардың ішінде тұрақты тапсырыс берушілерінің де қарасы қалың. Оның сән салонынан адам аяғы үзілмейді десек те болады. Ақнұр Айтқалиқызының қызметін мақтайтын, қай кезде де жоғары бағалайтын Гүлмира Сәдуақасова жаңа сән салоны ашылғанда шынайы қуанғандардың бірі.
– Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт» деген тәмсіл бар. Біз білетін Ақнұр жақсы маман ғана емес, жақсы әйел. Ол өмірдің түрлі сынақтарын артқа тастап, алға ұмтылып келе жатқан көпбалалы ана. Оның «қолы алтын» деп айтқым келеді. Сән салоны берекелі, табысты орын болсын деп тілеймін. Болашақта кәсібін кеңейтіп, басқа да ынталы, икемді жандарды жұмыспен қамтып, бұдан да үлкен сән салонына басшылық жасайды деп сенемін. Ақнұрдай қызды тәрбиелеген ата-анасына алғысым шексіз, – дейді тұрақты тұтынушысы Гүлмира Сәдуақасова.
Қазір сұлулық және сән салондарына сұраныс жоғары. Жас та, жасамыс та көрікті болып жүргісі келетін заманда салондардың жұмысы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Шілде айынан бастап есігін айқара ашқан «Ақнұр» сән салоны да халыққа сапалы қызмет көрсетіп, сән саласында өз қолтаңбасын қалдырары анық. Біз де өз тарапымыздан қайтарымсыз грант алып, мемлекеттің қолдауымен және өзінің қарым-қабілетімен алдына үлкен мақсаттар қойған Ақнұр Еспановаға сәттілік тілейміз.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ