ЖАН - ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ БОЛАДЫ
Аймақ басшысы биылғы жылды кәсіпкерлікті жаппай қолдау жылы деп жариялағанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Осыған байланысты газет бетінен «Кәсібің – нәсібің» «Кәсіпкерлік көкжиегі», «Кәсіпкерге кеңес», «Сұраңыз, жауап береміз», «Сұрақ - сізден, жауап - бізден» атты айдарлар ашып, кәсібін енді бастайтын кісілерді толғандырған сұрақтарға жауап беруді қолға алдық. Ал, кәсібін дөңгелетіп, елге жұмыс берген кәсіпкерлерді халыққа таныту мақсатында мақалалар ұйымдастырудамыз. Біз бүгін аудандық кәсіпкерлер палатасында жыл басынан бері жеке ісін ашып, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін әлеуметтік желіде, газет бетінде кәсіпті ашу, жүргізу, қаржыландыру көздеріне қатысты кеңес беру қызметін бастап кеттік. Осыған орай «Атамекен» ҚР ҰКП Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы аудандық филиал директоры Фархат әбжаппаровқа жолығып, әңгімелескен едік.
– Мысалы бір жас жігіт жеке кәсібін ашқысы келеді, бірақ неден бастарын білмей жүр. Оған сіз қандай кеңес берер едіңіз?
– Біріншіден, нақты бір кәсіп түрімен айналыс деп айту өте қиын. Себебі әр адамның өз бейімі, қызығушылығы, жеке мүдделері болады. Сондықтан ол өзінің немен айналысатыны жөнінде дұрыстап ойлануы керек. «Мен немен айналыса аламын? Қолымнан не келеді? Қандай істі жақсы жасай аламын?», - деп осы бағытта өз-өзіне сауал қойып алғаны жөн. Одан кейін ол кісі сол кәсіп түрімен айналысуға дайын ба?
Бізде жақында бір апайымыз келіп, кеңес алды. Не кәсіппен айналысуға болады деп. Қолынан көкөністерді маринаттау келеді екен. Сол қабілетін іске жаратпақ болып, бірінші аз көлемде үйінің жанындағы мектепке апарып өткізе бастайды. Алғашқы тапсырысы 200 банкі болған. Осы ісін дамыта келе, қазір шағын отбасылық кәсібін жүргізіп отыр. Бұл мысалды Сізге үлгі ретінде айтып отырмын. Мысалға, Сіздің бірнеше қабілеттеріңіз болуы мүмкін. Сол қабілеттеріңіздің ішінен Сіз біреуін таңдап алуыңыз қажет
Одан кейін нарықты зерттеу қажет. Сіздің тұтынушыға ұсынайын деп отырған қызметіңіз немесе өніміңіз сұранысқа ие ме? Міне, осыны анықтап алу қажет. Нарықты зерттеп болғаннан кейін барып айналысатын кәсібіңізді анықтап, бір идеяға тоқтағаныңыз жөн.
- Кез келген адам кәсібін бастау үшін белгілі бір қаражат қажет екені анық. Сол үшін де қандай мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйей алады? Олардан қаржыны қанша пайызбен алуға болады? Сол жөнінде айтсаңыз.
– Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға ерекше мән беріліп жатыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның ішінде жақсы жұмыс жасап жатқаны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының тиімділігі берілетін үстеме сыйақысы, яғни пайызының төмендігі – 6 пайызбен беріледі. Өте ыңғайлы. Екіншіден, бұл бағдарламаға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері қатыса алады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш беруі қажет. Тағы да айтамын, сыйақы мөлшері 6 пайыз, 18 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Несие берілетін мерзімі 60 ай. Сіз несиеңізді ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет төлейтін етіп алуыңызға болады.
«Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына тоқталсам. Бағдарламаға қатысуға шектеу қойылмаған, яғни бағдарламаға жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Ерекшелігі – несие екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Үстеме сыйақысы 14-19 пайыз. Оның қала тұрғындары үшін 7 пайызын, ауыл тұрғындары үшін 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонда, егер Сіз қала тұрғыны болсаңыз максимум 12 пайыздық үстемақымен қайтарасыз несиені, ауыл тұрғыны болсаңыз 7 пайызбен несиеңізді төлейтін боласыз.
Екі бағдарламада да міндетті түрде кепіл мүлік қажет етіледі. Егер Сіз бастауыш кәсіпкер болсаңыз 15 пайыз кепіл мүлкіңіз болуы керек. Қалғанына мемлекет кепіл болады, яғни «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Даму»АҚ, ал нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша «ҚазАгроГарант» АҚ кепіл болады.
– Мысалы кәсібін жаңадан бастайтын кісі сұлулық салонын ашқысы келеді. Ол үшін не істеуі керек. Жолдарын көрсете аласыз ба?
– Сұлулық салоны қазіргі уақытта ең жақсы дамып келе жатқан бизнес түрі. Сұлулық салонын ашу үшін ең алдымен білім дағдылары қажет. Мүмкін Сіздің қолыңыздан шаш үлгісін жасау, бет әрлеу, тырнақ күтіміне қатысты қызмет көрсету келетін шығар. Дегенмен, Сіздің білім дағдыларыңыз әлі де болса жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол үшін қысқа мерзімді арнайы курстарға қатысып, білім- білігіңізді жетілдіріп алғаныңыз жөн. Одан кейінгі екінші сатыда Сіз алған білімдеріңізді тәжірибеде қолданып, тәжирибе жинақтау мақсатында нарықта бұрыннан жұмыс жасап тұрған, беделді сұлулық салондарында аз уақыт болса да жұмыс жасап көргеніңіз дұрыс. Үшінші кезеңде, сұлулық салонын ашатын орынды анықтап алуыңыз керек. Әдетте ең қолайлы жер халық көп шоғырланған орындар, аялдамалардың жанындағы ғимараттар болуы мүмкін. Бір ерекшелігі, панельді орындарда, ғимараттардың жертөлелерінде сұлулық салонын ашуға рұқсат етілмейді. Осыны ескеруіңіз қажет. Сұлулық салонында стандарт бойынша бір маманға 7 шаршы метр орын қарастырылуы қажет. Егер Сіздің сұлулық салоныңызда 2 маман жұмыс жасайтын болса, бөлмеңіздің ауданы 14 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Кәсібіңізді бастап кету үшін, ғимараттың жалға алу ақысынан өзге (егер ғимарат өзіңіздікі болмаса) 350-450 мың теңге қаржы қажет. Бұл қаржыға салонға қажетті жихаз, құрал-жабдықтар аласыз. Мұнан өзге, ай сайын ғимараттың коммуналдық шығындарыңыз бар, өзге де қосымша шығындар болуы мүмкін. Осы қаржыларды есептегенде Сіз бастапқы салған қаржыңызды ең азы 6 ай, 1 жыл көлемінде шығарып алуыңызға болады.
– Кәсіпкер ретінде тіркелгенде қандай фор- маны таңдаған жөн? Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе дара кәсіпкерлікті ме?
– Кәсіпкерлікті үшке бөліп қарасақ болады: жеке кәсіпкерлік, серіктестік және корпорациялық кәсіпкерлік. Жеке кәсіпкерліктің басымдылығы бір адам, яғни сол кәсіпкердің өзі жұмыс жасай алады және өзінің таңдауы бойынша кез келген саланы таңдай алады. Бұл жерде артықшылығы таңдау мүмкіндіктерінің мол болуында. Ал корпорациялық кәсіпкерлікке келетін болсақ, сырттан капитал тартуға мүмкіндігі зор болады, алайда ерекшелігі кәсіпкер ретінде төлейтін салығынан өзге қосымша корпорациялық табыс салығын да төлейді. Серіктестік кәсіпкерлік бір немесе бірнеше тұлғаның бір мақсат аясында бір бизнеспен айналысуы.
– Менде келесі сұрақ туындап тұр. Мәселен, мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелдім дейін. Салықта қандай ерекшеліктер бар? Жалпы ісін жаңа бастаушы кәсіпкер алғашқы кезде жеңілдіктер болуы үшін қандай нысанда тіркелгені жөн?
– Жалпы кәсіпкерлерге арналған негізгі үш салық режимі бар. Оңайлатылған, патенттік және жалпыға бірдей. Көбіне кәсіпкерлердің қолданатын режимі ол – оңайлатылған салық режимі. Жұмысшы саны 25-тен аспайтын және табыс 1400 ең төменгі жалақы көрсеткішінен аспайтын кәсіпкерлер, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестер де осы салық режимін жиі пайдаланады. Одан басқа патенттік салық режимі бар. Ерекшелігі бір адам ғана жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысаны, яғни дара кәсіпкер ретінде осы режиммен төлей алады. Мұндай режимде салық төлейтін кәсіпкер өзінің қарамағына өзге адамды жұмысқа қабылдай алмайды. Жалпыға бірдей режимге келетін болсақ, егер кәсіпкердің табысы 1400 ең төменгі жалақы көрсеткішінен асып кететін болса және жұмысшы саны 25 адамнан асып кететін болса онда авто- матты түрде жалпыға бірдей салық режиміне көшеді.
– Кәсіпкерлік нысаны ретінде тіркелу барысын- да қандай құжаттар жинақтау қажет?
– Егер дара кәсіпкер ретінде тіркелгіңіз келсе салық органдарына жеке куәлігіңізбен барсаңыз жеткілікті. Сол жерден салық органдарының қызметкері тіркеп береді. Ал егер заңды тұлға ретінде тіркелгіңіз келсе жұмысы сәл күрделі. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде тіркелгіңіз келсе жарғылық, құрылтай шарттары болуы қажет. Сондай-ақ, кәсіпкерлігіңізді жүргізетін арнайы ғимаратыңыз болуы керек немесе жалға алғандығыңызды дәлелдейтін келісім шартыңыз болуы тиіс. Мұнан өзге, ЖШС-ті құрған азаматтардың, яғни құрылтайшылардың пайлық үлесін дәлелдейтін құжаттары болғаны жөн. Осы құжаттарды Халыққа қызмет көрсету органдарына апа- рып, тіркелуге болады.
Тағы бір айтып өтетін жайт, егер салық төлеуге қатысты немесе кәсіпкерлікке қатысты қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасына келіп немесе телефон арқылы кеңес алуға (1432 неме- се 40-09-81) болады. Мысалы, салық және өзге де есеп-қисаптарға қатысты бухгалтерлік мәселелер бойынша кеңесші қызмет көрсетеді, құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беретін қызметкер, өзге де қызмет түрлері бойынша мамандар бар. Көрсетілетін қызметтеріміздің барлығы ақысыз – тегін.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен С.СҰЛТАНҚЫЗЫ