157 мың гектар жер қайтарылған
Еліміздегі жетекші партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы республика көлемінде бос жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын іске асыруда. Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының және «Жер аманаты» республикалық комиссиясының мүшелері Бақытжан Базарбек, Мұрат Әбенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Айдос Абдрахманов ауданымызға арнайы келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, ауданға қарасты шаруашылық құрылымдарының төрағалары қатысты.
Республикалық комиссия мүшелері Ақжарма ауылындағы басқосуда жерге байланысты бірнеше мәселе көтерді. Сонымен бірге жиналған көпшілікке «Жер аманаты» жобасының іске асырылуы мен жұмысты тиімді ұйымдастырудың жолдары, осы бағытта Жер Кодексіне және «Жайылымдық жерлер туралы» заңға еніп жатқан өзгерістер жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
– Біз Сыр өңіріне сапарымыз барысында жергілікті халықпен кездесу жүргізудеміз. Ел көлемінде бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асуда. «Жер аманаты» республикалық комиссиясының құрамында білікті мамандар мен заңгерлер бар. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бірнеше жер дауларына қатысып, жергілікті халықтың пайдасына шешіп берді. Міне, біздің тарапымыздан Кодекс пен арнайы заңдарға арнайы толықтырулар жасалуда. Сондықтан жергілікті жерлердің негізгі егін егуде, жайылымдық жерлерді пайдалану кезіндегі басым-бағыттарын, жер құнарлығын сақтап қалуға тиісті іс-шараларын ескеріп отырмыз, – деді ҚР Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Жалпы, «Аманат» партиясының облыстық филиалының келтірген мәліметіне сүйенсек, «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен өткен жылы Қызылорда облысы бойынша 157 мың гектарды құрайтын 256 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Биылғы жоспар 200 мың гектар болып табылады. Бұл ретте, ҚР Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек атқарылған жұмыстар жайында айтты.
– «Жайылымдар туралы заңда өзгерістер өте көп. Мысалы, «Қоғамдық жайылымдар» деген ұғым енгізіп отырмыз. Яғни, пайдаланусыз, бос жатқан жайлымдық жерлерді ақпараттық базада қоғамдық жайылым деп енгіземіз. Бұл жерлер әкімдік тарапынан басқа біреулерге берілмейді. Мұнан бөлек конкурссыз жер беру мәселесін тоқтатуға жұмыс жасап, керісінше конкурста сол ауылда кемінде 5 жыл тұрған азаматтар мен кооперативтерге қосымша балл берілу мүмкіндігін күшейтіп жатырмыз және үлескерлер үшін арнайы заң жобасын ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта заң жобасының авторы ретінде осы бағытта үлкен жұмыстар атқаратын боламыз және нақты нәтижеге қол жеткіземіз», – деді Бақытжан Базарбек.
Кездесу барысында ауданға қарасты шаруашылық құрылымдарының басшылары мен жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығы саласына қатысты өзекті дүниелерді тізбектеді. Өздері көтерген мәселенің оңынан шешілуін сұрады. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудан әкімі жіті назарға алып, заң аясында жұмыстар жүргізілетін болып келісілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ