200 мың гектар жер қайтарылуы тиіс
Ауданда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Оған партияның облыстық филиалының және партия жанындағы облыстық «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Наурызбай Байқадамов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, аудан әкімі Берік Сәрменбаев және комиссия құрамындағы депутаттар, сала мамандары және құзырлы органдар мен прокуратура өкілдері қатысты.
Жерге қатысты елімізде мәселе көп. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» жобасын іске қосып, жерге қатысты мәселелерді шешуге жұмыстар жүргізуде. Оның қатарында заңсыз берілген, игерілмей жатқан жерлер мен жайылымдыққа қатысты мәселелер бар.
Көшпелі отырысты ашқан Наурызбай Байқадамов осы мәселе бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Өткен жылы жоба аясында еліміз бойынша 5 млн гектар заңсыз алынған немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне алынса, біздің өңірде көлемі 157 мың 113,1 гектарды құрайтын 256 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде көлемі 50 мың 879 гектар болатын 5 жер учаскесі сот шешімімен мәжбүрлі түрде өндірілді. Биыл жыл соңына дейін облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 200 мың гектар жерді қайтару жоспарланған болатын. Бүгінде 69,2 мың гектар жер қайтарылды. Сондықтан бұл жұмыстар күшеймесе, бәсеңдемейді, – деді комиссия төрағасы.
Осы жылы комиссия ауылдар маңындағы жайылымдық жерлерді қайтаруға баса мән бермек. Соған орай Сырдария және Жалағаш аудандарында «Жер аманаты» жобасының іске асырылу барысы жөнінде аудан әкімдерінің есептері тыңдалды. Сондай-ақ мәселелер талқыға түсті.
Жиында өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жайылымдық жерлерге мұқтаж елді мекен тұрғындарына мақсатты бөліп беруге арналған мониторинг картасының жүзеге асуы да пысықталды.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Фото: ашық дереккөзден