«Жер аманаты» аймақтық комиссиясының көшпелі отырысы Шиелі ауданында жалғасты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан барлық өңірлерде «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде өткен жылы еліміз бойынша 5 млн, облыс бойынша 157 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Биыл комиссия облыс бойынша 200 мың гектар заңсыз немесе пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншіге қайтаруды жоспарлаған, бүгінгі күні бұл жоспардың 34,6 % орындалып, 69,2 мың гектар жер учаскелері қайтарылды. Бұл учаскелер интерактивті картаға орналастырылған. Көпті толғандыратын жайылым мәселелері бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аймақтық комиссияның көшпелі отырысы Шиелі ауданында жалғасып, онда «Шиелі және Жаңақорған аудандарында «Жер аманаты» жобасының іске асырылуы мен жұмысты тиімді ұйымдастырудың жолдары талқыланды.
Өткен жылы Шиелі ауданы бойынша 8000 гектар жайылымдық жерлер қайтарылған. Биылғы 14 000 гектар жоспарланып, оның 30 % орындалған. Жаңақорған ауданы бойынша жоспар 10 000 гектар, бүгінгі жоспардың 50%-ы орындалып, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы босалқы жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.
Атқарылған жұмыстарды саралай келе партияның облыстық филиалының және облыстық «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Наурызбай Байқадамов былтырғы қайтарылған жерлердің өзі қайта айналымға енгізу жұмыстарын күшейту, атқарылған жұмыстардың қоғамға ашық жариялап отыру бойынша ұсынысын жеткізіп, ел аумағында өзекті болып отырған мәселеге қатысты бұл жұмыстар күшеймесе бәсеңдемейтіндігін атап өтті.