Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарында
Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Аймақ басшысы 24 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар туралы айтты.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрі Асқар Мамин экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарында екендігін мәлімдеді.
Аймақ экономикасына тартылған инвестиция көлемі (117,4%), құрылыс көлемі (154,3%), үй беру (108,8%) бойынша өсім қамтамасыз етілген. Ал, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі (101,3%), ауыл шаруашылығында (104,3%) өскен.
2012 жылдан бастап, қолданыстағы кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі (2019 жылы 830 мың тоннаға – 13 %) қысқарған. Бұл жағдай өнеркәсіп өніміндегі көрсеткішке (2018 жылға қарағанда 89,3%) кері әсерін тигізуде. Алайда, статистикалық мәлімет бойынша мұнай өндірудің жыл сайынғы төмендеуіне қарамастан, 2019 жылдың 9 айында, 2018 жылдың осы кезеңіне қарағанда облыстағы жалпы өңірлік өнім – 102,4% құраған.
Актив отырысында облыс әкімі Қ.Ысқақов мұнай өндірудегі шығын салдарын жою мақсатында шикізаттық емес секторды дамытуға, әсіресе, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
"Жалпы, жүйелі шаралардың нәтижесінде, соңғы 4 жылда өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 2,8%, жалпы қосылған құн – 15%, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі – 19% артты",- деді облыс әкімі.
Қызылорда облысы әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды