Сырбойылық қаламгерлер құрылтайға қатысады
Қазақстан Жазушылар одағының әр бес жыл сайын өтетін Құрылтайы биыл 12 мамыр күні Алматы қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған. Осыған байланысты Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітованың төрағалығымен арнайы жиын өткізілді.
Облыс орталығындағы Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде өткен жиынға Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы мүшелері қатысты. Олар алдағы Құрылтайға қатысудың дайындық мәселелерін пысықтап, өзара пікір алмасты.
– Сыр өңірі – бекем бірлік пен көркем тірлік ұштасқан киелі мекен. Біз осынау үлгілі үрдіс сырбойылық ақын-жазушылардың арасында да қалыптасқан деп нық сеніммен айта аламыз. Сырбойылық қаламгерлер қашанда ел мүддесі жолында ауызбіршілік танытып, игі істердің бастамашысы болып келеді. Жазушылар одағының облыстық филиалының жұмысына облыс әкімдігі қолдау көрсетуде. Қаламгерлер облыс аумағындағы қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шаралардан тыс қалып жатқан жоқ. Биылғы Құрылтайға да облыс әкімдігінің қолдауымен жерлес ақын-жазушылар бір кісідей қатысады. Нақтыланған мәлімет бойынша Қызылорда облысынан Құрылтайға 19 қаламгер барып қатысады. Қосымша ақпараттар тағы да жарияланады, барша әріптестерімізге шығармашылық сәттілік тілейміз, – деді филиал төрағасы.
Айта кету керек, Қазақстан Жазушылар одағының кезекті Құрылтайы 12 мамыр күні Алматы қаласындағы опера және балет театрында басталады.
Ақтөре Ибрагимұлы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі