Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазушылар одағының мүшесі атанды

Жазушылар одағының мүшесі атанды

Аудандық газеттің бас редакторы, ақын Ақтөре Ибрагимұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Мүшелік билетті Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында Одақтың Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет табыстады.

Қаламгерлер қауымын біріктіретін республикалық деңгейдегі шығармашылық ұйымды есімі елімізге белгілі С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мүсірепов, Ж.Молдағалиев, Н.Оразалин секілді көрнекті ақын-жазушылар басқарғаны белгілі. Сондықтан Жазушылар одағының мүшесі атану шығармашыл тұлғалар үшін зор абырой әрі тың серпін сыйлайтын жетістік болып табылады. Осы ретте журналистика саласында нәтижелі еңбек етіп келе жатқан сырдариялық қаламгердің бұл жолғы еңбегінің еленуін үздіксіз ізденісінің жемісі деуге болады.

Мүшелік билетті табыстауға арналған жиында Одақтың Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет Одақ қатарына қабылданған азаматтарға шығармашылық сәттілік тіледі.

– Жазушылар одағы ақын-жазушылардың рухани орталығына айналды. Бір ғасырға жуық уақытта қазақ қаламгерлерінің мұң-мұқтажын жоқтап қана қоймай, үлкен қоғамдық ұйымға айналған Одақтың қоғамдағы рөлі жоғары. Қазір біз жас ұрпақты көтеріп, шығармашылығына қолдау көрсетуіміз қажет. Әдебиетіміздің күші мен келешегі – жастарда. Біз жастарды мүшелікке қабылдап, оларға қамқор болып, жаңа туындылар жазуы үшін барынша жағдай жасауымыз керек, – деді Ұ.Есдәулет.

Атап өту керек, жас ақын А.Ибрагимұлының Одақ мүшелігіне қабылдануына Жадыра Дәрібаева, Қайырбек Асанов, Толыбай Абылаев, Қатира Жәленова, Итен Қарымсақұлы, Қаршыға Есімсейітовалар ұсыныс енгізген. Жас ақынның бүгінгі күнге дейін бірнеше кітабы жарыққа шыққан және өлеңдері поэзия жанры бойынша топтамаларға енген. Бүгінгі күнге дейін республикалық, облыстық ақындар мүшәйрасының жүлдегері атанған, аудандық газеттің бас редакторы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан азаматты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атануымен шын жүректен құттықтаймыз!

Мұхтар Сақтапов,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
"Сырдария ауданының Құрметті азаматы"
13 қараша 2021 ж. 796 0