Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атыраулық журналистер редакция жұмысымен танысты

Атыраулық журналистер редакция жұмысымен танысты

2001 жылы құрылған «Атырау – ақпарат» медиа ­хол­дингі бүгінде Жайық өңірінің жұртшылығына жаңа­лық таратып, ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар іргелі ұжымға айналды. Осы медиахолдингтің өкіл­дері апта басында Сырдария ауданына арнайы ісса­пармен келіп, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының жұмыстарымен танысты.

Ауданға арнайы ат басын бұрған аты­­раулық қаламгерлерді «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының бі­рін­ші орынбасары М.Аралбаев бастап келді. Аудандық газет редакциясында бас редактор А.Ибрагимұлы бастаған ұжым қызметкерлері мен бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы М.Қалмұ­ратұлы мен ардагер журналист Ш.Нұр­сейітов күтіп алды.

Ең алдымен меймандарға мекеменің жұмыс бөлмелері, қызметкерлердің га­зетті дайындау мен баспаға ұсыну мақ­сатында атқаратын жұмыстары, тарату бөлімі мамандарының баспаханадан келген газеттерді бөлуі мен елді мекендерге жедел жеткізілуі таныстырылды. Бұл туралы бас редактор кеңінен ақпарат беріп, редакцияның тарихы мен­ бүгінгі белестері жөнінде айтып өтті.

– Аудандық газет келесі жылы 85 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл – біз үшін де, ауданның тарихы үшін де үлкен белес. Осы жылдар ішінде га­зетіміздің атауы бірнеше рет өзгеріп, қазір «Тіршілік тынысы» атауымен таратылуда. Әріге бармай-ақ, 2019 жылдан бері қарайғы есепті негізге алсақ, газет таралымы жүздеген оқырманға артты. Жарнама тарту мен ақылы қызмет жоспарын да артығымен орындап ке­леміз. Бұл – серіктестік тарапынан көр­­сетілген материалдық-техникалық қол­­­даудың нәтижесі. Бұрын бірнеше тіл­ші бір компьютерді пайдаланған болса, қазір әр тілшінің жеке компьютері бар. Сондай-ақ сайтымыз ақпараттық агенттік болып тіркеліп, цифрландыруғ­а да көңіл бөліп, тәулік бойы елдегі, об­лыстағы, аудандағы жаңалықтарды таратудамыз. Мұнан бөлек нақтыланған жылдық және айлық жоспарымыз бар. Сол жоспар бойынша жұмыс істейміз. Газетіміздің өзіндік оқырманы бар. Жер­­гілікті атқарушы органдармен әріп­тестік байланысымыз жүйелі, – деді А.Ибрагимұлы.

Тәжірибе алмасу мақсатындағы бас­­қосуда «Атырау – ақпарат» медиа холдингінің стратегиялық даму жә­не ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қар­шыға Көшеков газет тиражын қалай арттыруға болатыны туралы сұрады. Ал Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нә­сіп Шалабаева редакцияның жылдық және айлық жоспарына қызығушылық білдіріп, тілшілердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін қолданысқа енгізетін дүние екенін айтты. Өз кезегінде «Ден­дер» газетінің бас редакторы, об­лыс­тық мәслихаттың депутаты Жанай Аман­турлин ақылы қызмет жос­пары мен редакцияға жарнамалық ақ­параттарды тарту, оның бюджеттен­ қаржыландырылуы мен мекеме­­лер ара­сындағы келісім-шарттар жөнін­де керекті ақпараттарын сұрап алды. Мұ­нан бөлек аудандық «Жайық шұғы­ласы» газетінің бас редакторы, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты Баян Сүйеуова баспасөз маманы Р.Тұрғанбекова мен менеджер Ш.Махамбетов бастаған таратушылармен пікірлесіп, газетті бөлу мен оны оқырмандарға уақытылы жеткізудегі қалыптасқан жұмыс жүйесін, тарату бө­лімінің жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ аудандық «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы Мөлдір Із­тұр­ғанова ақпараттық агенттіктің жұ­мысы, символдардың есептелуі, сенбі-жексенбі күндеріндегі кезекшілік пен оқы­лым, қаралым санын арттыру мәсе­лелері туралы қажетті ақпарат­тарын алды.

Жалпы аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы ақпарат тарату­дан бөлек идеологиялық маңызы бар жұмыстарды да атқарып келеді. Оның ішінде редакция ардагерлеріне құр­­мет көрсету мен еңбегін насихаттау ба­ғытындағы іс-шараларды үлгі ету­ге болады. Бұл туралы атыраулық қалам­герлерге бастауыш ардагерлер ұйы­мының төрағасы М.Қалмұратұлы айтып, редакциядағы «Ардагерлер бөлмесін» таныстырды.

– Сыр өңірінде ежелден еңбек пен ерлікке ерекше ілтипатпен қарайтын дара дәстүр бар. «Өнеге мәні – терең­де» десек, ол – құрметпен ғана құнды және елге сіңірген еңбек қашанда ес­керілгені жөн. Осы ретте аға буын өкілдеріне құрмет көрсету мақсатында 2020 жы­лы редакция жанынан «Ардагерлер бөлмесі» ашылды. Бұл бөлмеге ардагерлеріміздің суреттері, кітаптары, сондай-ақ ардагер журналистердің қа­ты­суымен өткен түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралардан сыр шертетін дүниелер қойылды. Атаулы мерекелерде қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген ар­дагерлерімізбен қатар төсек тартып жатып қалған ардагерлердің үйіне дейін арнайы барып құрметімізді көрсетеміз. Аудан әкімдігі тарапынан талай рет тиісті марапаттарымызды да алдық. Ара­­мызда 2021 жылы редакцияның ұсы­нысымен Қазақстанның Құрметті жур­­налисі атағын алған Мұхтар Сақта­пов бастаған ағаларымыз бар. Жалпы редакция ардагерлерінің өзіндік ор­ны, мәртебелі төрі бар, – деді Мүсілім Қалмұратұлы.

«Ардагерлер бөлмесінің» жұмысы­мен танысқаннан кейін «Атырау – ақ­парат» медиа холдингінің стратегия­лық даму және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қаршыға Көшеков медиа холдинге қарасты барлық редакциядан арнайы ардагерлер бөлмесін ашу қолға алынатынын айтып, қарияларға құрмет – ортақ міндет екенін жеткізді. Бұл бас­таманы облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева қуаттап, сырдариялық ардагер журналистерге абырой-аман­дық пен зор денсаулық тіледі.

Жайық өңірінен келген меймандар­ редакция жұмысымен танысқаннан ке­йін аудандағы «Тағзым алаңын, «Құр­­метті азаматтар» аллеясын, «Ең­бек Даңқы» музейін аралады. Аудан­ның ғасырға жуық тарихы мен тарихи тұлғалары жөнінде бас редактор А.Ибра­гимұлы таныстырып, Сырдария ауданы облыстағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарында екенін айтты.

– Ауданның соңғы он жылдық тарихын ғана саралайтын болсақ, 2013 жылдан бері Сырдария ауданы үш рет «Үздік аудан», екі рет «Озат аудан» атанып, ауыл шаруашылығы саласы бо­йынша облыста көш бастады. Бұл – ауданды басқарған азаматтардың еңбегінің және халықтың ынтымақ-бірлігінің бел­гісі. Жасампаз жетістіктер ауданның та­рихында алтын әріппен жазылады жә­не ұмытылмайды, сондай-ақ аудан халқы үшін зор мақтаныш болып табылады. Бүгін сіздерге аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының атынан «Арнасын жыр кернеген – Сырдария» атты аудио­антологияны естелік ретінде ұсынамын. Бұл жинақта 12 диск бар және оны тыңдасаңыздар, ауданның рухани-мә­дени дамуы мен тұлғаларының туындыларынан тереңірек хабардар боласыздар, – деді А.Ибрагимұлы.

Өз кезегінде аудандық тарихи-өл­кетану музейінің экскурсоводы Айжан Жұмабекова ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы аясында ашылған «Еңбек даңқы» музейі үш бөлімнен тұратынын айтты.

– Бірінші бөлімде ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері туралы баяндалса, екінші бөлімде Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарында жеткен же­тіс­тіктері қамтылған. Ал үшінші бөлім ауданда түрлі салада қызмет атқар­ған және атқарып жүрген үздік қызмет­керлерге арналған. Музейде аудан тарихы толық қамтылған. Ауданның құ­рылу жылдарынан бері еңбек сіңірген қайраткер тұлғалары, денсаулық сақ­тау, білім беру, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша мәліметтер қамтылған. Аудан мақтаныштары, ауданның экономикасы мен шаруашылығын, түрлі салаларын дамытуда өзіндік үлес қосқан тұлғалар бейнесі суреттер композициясында бейнеленген. Жалпы, «Еңбек даңқы» музейі – өткен мен бүгін үндес­тігінің жарқын көрінісі. Бұл жерге келген тұрғындар мен аудан меймандары ауданның тарихымен толыққанды танысады, – деді Айжан Жұмабекова.

Сапар қорытындысында Жайық өңі­рінен келген қаламгерлер Сырдария ауданындағы жүйелі жұмыстарды жо­ғары бағалап, редакцияның атқарып жатқан жұмыстарын тәжірибеге енгізе­тіндерін айтты. Сондай-ақ ыстық ықы­лас танытып, құрмет көрсеткені үшін «Сыр медиа» ұжымына шынайы риза­шы­лығын білдірді.


Гүлжан ЕСЕНБЕК
29 сәуір 2023 ж. 201 0