Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ


79 жылдық тарихы бар аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газеті киелі қарашаңырақ. Мұнда сөз мәйегін терген талай талантты журналистер еңбек еткен. Қазір қарт қаламгерлердің қатарында Мұхтар Сақтапов, байырғы баспахана директоры С.Тоқсанбаев бар. Аға буын өкілдері үнемі редакцияның шығармашылық ұжымына ақыл-кеңестерін айтып, жас журналистермен пікірлесіп отырады.
Жақында редакция ардагерлері бастауыш ұйымының кезекті есеп беру, сайлау жиыны болды. Кездесуде бас редактор С.Ерімбет газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып, ақпарат айдынында өзіндік орны бар газеттің алдағы жоспарларын ортаға салды.
 Бүгінгі жас журналистермен толыққан ұжым 40 мың халыққа қызмет етіп келеді. Газет мазмұнын байытуда, шығармашылықты шыңдауда тілшілер ізденіс үстінде. Бес жылдан бері «Сыр Медиа» серіктестігіне қарасты басылым үнемі материалдық-техникалық базаны нығайтып қана қоймай, журналистердің білім-білігін нығайтуға жұмыс жасау үстінде. Қазір мекемені кеңейтуге байланысты құрылыс жұмыстары жүруде.
Ардагер – журналист, ақын М.Сақтапов газет жұмысына көңілі толатынын, аптасына екі рет шығатын газетті асыға күтіп отыратынын айтты. Сонымен бірге жасының ұлғаюына байланысты бастауыш ұйымды басқаруды М.Қалмұратұлына тапсыру жайлы ұсынысын білдірді. Баспахана ардагері С.Тоқсанбаев ұжымға шығармашылық табыс тілеп, өткен күндерден естеліктер айтты. Еңбек ардагерлері Ж.Қожағұлова, Қ.Асықбаева өз ұсыныстарын айтты.
Тіршіліктің тынысын оқырмандарға уақытылы жеткізіп отырған  басылым жұмысы бүгінгі таңда кеңейе түсті. Оқырман талғамына сай газет сайты жұмыс істейді. Сайт аптаның жеті күнінде де оқырмандарына қызықты ақпарат, пайдалы кеңестер ұсынады. Осыған орай күн сайын сұраныс та артып, журналистер талапқа сай қызмет етуде.
Жиын соңында ардагерлердің бастауыш ұйымына жаңа төраға сайланды. Енді бастауыш ұйымға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Мүсілім Қалмұратұлы жетекшілік етеді.


Б.ЖАНӘЛІ


25 қыркүйек 2018 ж. 1 233 0