«Әжелер мектебінің» ізгі ілтипаты
Ауданда әйелдер кеңесі жанындағы «Әжелер мектебінің» тағылымды жұмысы көпке үлгі. Құрамында ауданға еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері мен ардагер-ұстаздар бар ұйым өнегелі істің басы-қасынан табылып жүр. Ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен ардақты әжелер ай сайын кент орталығындағы «Достық» үйінде бас қосып, ізгілікке толы іс-шараның ұйытқысы болуда.
Жақында кезекті басқосуды ұйымдастырған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева «Әжелер мектебінің» мүшелерімен тағы бір басқосу өткізді. Бұл жолы жақында ғана саяси науқанда халық қалаулылары атанған облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық мәслихат депуттары А.Есназар, А.Ибрагимұлын шақырып, аналық лебіздерін білдірді.
– Қоғамның кез келген саласын өрге сүйреп, өнегелі ісімен ерекшеленетін әйел-аналардың бүгінде атқарып отырған қызметі орасан зор. Ауданда құрылған «Әжелер мектебінің» құрамындағы ақ жаулықты аналар керемет іс-шаралар ұйымдастырып, сәтті өтуіне атсалысып келеді. Соның бірі биыл өткен сайлауда белсенділік танытқанын айтуымыз керек. Әйел-аналардың арасында науқан кезінде үміткерлерге қолдау білдіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, сенімді өкілі болған әжелер бар. Міне, бүгінде ел сенімін ақтауға кірісіп кеткен депуттарды арнайы ортамызға келді, азаматтар әжелердің батасын алсын деген ниетпен ортамызға шақырдық, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева.
Облыстық мәслихат депутаты мандатына ие болған Жұмабек Ембергенов әжелер қауымына ризашылығын білдірді.
– Аналарды құрметтеу – әрбір перзенттің қасиетті парызы. Біз нәзік жанды әйел-аналарға шексіз ілтипатымызды көрсетуіміз керек. Ер азаматтарды қадірлей білген аналарымызды мың мәрте сыйласақ та аздық етеді. Ауданның дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген аналарға алғысымды білдіремін. Ел сенімін ақтауға белсене кірісіп кеттік. Бүгінгі кездесуді пайдаланып, саяси науқан кезінде сенімді өкілім ретінде қолдау білдірген ардагер-ұстаз Алтын Нұртаеваға алғысымды білдіріп, ардагер-ұстаз Роза Үмбетаева екеуін туған күндерімен құттықтаймын, – деді облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов.
Ақ жаулықты аналарға жүрекжарды лебіздерін білдірген аудандық мәслихат депуттары Алмас Есназар мен Ақтөре Ибрагимұлы да халық қалаулысы ретінде ел сенімін ақтауға уәде берді.
Өз кезегінде кент әкімі Ержан Бахтияров әжелерді қасиетті Рамазан айының аяқталуымен, келіп жеткен Ораза айтпен құттықтады. Басқосуда ел азаматтарына әжелердің атынан ел аманатын жазып жүру үшін қаламсап пен қойын дәптер сыйға берілді. Жиналған қауымға, халық қалаулыларына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев батасын берді.
Ақ дастархан басына жиналған «Әжелер мектебінің» кезекті отырысы ардагер-ұстаз Роза Үмбетаеваның мерейлі 71 жасқа келу құрметіне арналған іс-шарамен жалғасты. Ардақты әжелер туған күн иесіне ақ тілектерін айтып, өнегелі өмірі туралы жылы лебіз білдірді.
Роза Шайхысламқызы – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардақты жан. Қызылорда қаласында 1952 жылы дүниеге келген ардақты ұстаз 1971-1975 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетін бітірген. Еңбек жолын 1975 жылдан бастап, аудандағы О.Әбілпаттаев атындағы №210 қазақ орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен ұзақ жыл дәріс берді. Бірінші санатты мұғалім шәкірттеріне ағылшын тілін үйретуде көптеген жетістіктерге жетті. Соның негізгісі – 2004 жылы «SHARE» карпорациясының басқаруымен «Білім – болашақтың келешегі» атты тақырыппен өткен ағылшын тілі мұғалімдері арасында байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атануы. Сол жылы үздік деп танылған облыстың үш мұғалімінің қатарында Роза Үмбетаева АҚШ-тың Техас штатының Хьюстон қаласында 1 ай бойы жаңа технологияны меңгеру бағытында білімдерін жетілдіріп келді. Бұл сапар сырдариялық ұстазға үлкен жігер мен шығармашылық шабыт берді.
Шетелде білімін жетілдірген ұстаз интернационалдық білім жетілдіру сертификатымен марапатталды. Тәжірибелі ұстаз 35 жылдан астам еңбек жолында шәкірттерін шыңға шығарып, талай мәрте марапат төрінен көрінді. Зейнеткерлік жасқа жеткен Роза Үмбетаева – өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана. Имандылық пен ізгілікті серік еткен. Салт-дәстүрді насихаттаудан жалықпайтын ардагер-ұстаз қоғамдық жұмыста белсенді. «Әжелер мектебінің» жұмысын жандандыруға атсалысып келеді.
Тағылымды іс-шараның кейіпкерлері мұндай басқосуды ай сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Әрбір басқосу «Әжелер мектебінің» бір мүшесіне арналады. Мұнда ардақты да аяулы жандардың өнегелі өмір жолы насихатталып, жас аналарды, жас отбасыларды тәрбиелеу мақсат етіледі. Үрдіске айналған мұндай іс-шаралардың жас буын өкілдеріне берері көп.
Бибісара ЖАНӘЛІ