Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер мектебіндегі тағылымды көрме

Әжелер мектебіндегі тағылымды көрме

Қасиетті Рамазан айында аудандық ішкі саясат бө­лімінің қолдауымен «Сырдария ауданының әйел­де­рі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанә­лие­ва ке­зекті рет «Әжелер мектебінің» тағылымды іс-ша­ра­сын өткізді.
Қоғамдық бірлестік жанынан осы­дан бір жыл бұрын құрылған «Әже­лер мектебі» жыл бойы ұлттық құндылық­тарды насихаттауға арналған кездесулер өткізіп, іс-шараның мазмұнын байы­­тып келеді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында арда­гер-ұстаз, қол­өнер шебері Ұлболсын Бекмағам­бетованың көр­ме­сі өткен болатын. Бұл жолы да ұлттық нақышта түрлі бұйым жасаудың шебері атанған ар­дагер-ұстаз Алтын Нұртаеваның көр­­­­­­­­­месі ұйымдастырылды.
Аудан орталығындағы «Достық» үйі­нің үлкен залында өткен көрмені қо­ғамдық бірлестіктің төрайымы ашты.
– Ауданда «Сырдария ауданының әйел­­дері» қоғам­дық бірлестігі жанынан ашылған «Әжелер мектебіне» ел­ге сыйлы аналарды мүше еттік. Бұл та­ғы­лымды мектеп қыз-келіншектерге кеңесін беруге дайын әжелердің тәлім-тәрбиесін үлгі ету үшін құрылды. Орталарында өнерге жақын әжелер бар. Сан салада қызмет еткен ақ жаулықты аналар бір мезгіл үйінен шығып, осында келіп бас қосады. Бүгінгі іс-шараның мәні мен маңызы зор. Қолөнер шебері Алтын Нұртаеваның туған күнімен тұс­па-тұс өткелі тұрған көрмеге қойыл­ған бұйымдар әрбір отбасы күнделікті тұ­тынатын қажетті заттар, – деді Ұ.Жа­н­­­­­­­әлиева.
Мұнан соң көрме иесі Алтын апай сөз алып, ұстаздықтың ұлы жол екенін айтып, өзінің қадірменді ұстазы атанған Нұрсейітов Балтабай ағайдың баласы, бүгінде ардагер-журналист Шаһарбек Балтайұлына ізеттілік көрсетіп, шапан жапты. «Бұрынғының адамдары ұс­­таз­дарымен қатар олардың балала­рына да сәлем беріп, алдынан кесіп өт­пеген» деп кішіпейілділік танытты. Мұ­нан соң көрмеге әкелген әрбір бұ­йым­­ға тоқталып, атын атап, не үшін қолда­­натынын түсіндірді.
– Қоғамдық бірлестік жанындағы «Әжелер мектебіне» мүше болғаныма ризамын. Зейнеткер болсам да жаным қарап отырғанды қаламайды. Жа­қында қолөнер шебері Ұлбол­сын Бекма­­ғамбетова көрме өткізді. Оның ше­берлігінде шек жоқ, нағыз маман. Біздер­ді мұғалімдік қызметіміз, жалпы кейін өмірдің өзі жақындатты. Бір-бі­рі­мізден әлі де үйре­неріміз көп. Бүгінгі көрмеге балалар жылына арнап тіккен бұйымдарды әкелдім. Сәби дүниеге келгенде жатқызып қоятын «ұяшық» тәрізді тігілген жылы, екі жағын бірдей қолданатын жастығы мен көрпесі бар жиынтық. Көрпе «көз тимесін» деген мағынада тігілген. Жиын­­тықтың тағы бір түрі 2-3 жасар қыз балаларға арналған көрпе-жа­мылғылары мен төсеніштерін атауға болады. Өзімен алып жүруге ыңғайлы етіп жасалған, сөмкеге айналады. Әрі қарай мойынжастықтың бірнеше түрі бар. Мына «қоршау» баланың аунап кетпеуіне, қауіпсіз жатуына өте қа­жет. Жиегіндегі лентасын алсаңыз, көр­пешеге айналады. Мұның да екі жағын пайдалануға болады. Бүршіктеп тіккен жапқыш қыз балалардың төсегін жа­уып қоюға арналған. Қыз бала төсегін тап-таза етіп ұстауға үйренеді деп әппақ матадан тігілді. Құрақ құрағанда қалдықтарды ешуақытта тастамаймын. Барлығын бір-біріне үйлестіріп қайта тігемін. Нәтижесінде әдемі көр­пешелер шығады, – деді көрмесін таныстырған Алтын апай.
Қолөнер шеберінің айтуынша, қи­ыс­­тырып құрақ құру қыз баланы ең­бек­сүйгіштікке, әдемілікке, шы­дам­­ды­­лыққа үйретеді. Құрақ сөзі­нің ма­­ғы­насы да «мал-жаның құралсын» дегенге келеді. Осы тілек­пен әрбір отбасында құрақ көрпе­ше болғаны дұрыс. Қазір шебер құрақ­тың неше түрін жасайды. Этноқұ­рақ­қа төрт түлік бейнесіндегі оюларды салады. Қазақы салт-дәстүрмен қор­жын ашқан шебер әжелерге сый сия­­пат таратты.
Ақ жаулықты аналардың атынан Жұ­макүл Көшер­баева, Ләззат Па­лым­бетова, Ұлболсын Бекма­ғам­бе­това, Шырынкүл Есқараева құттық­та­ды.
– Алтынмен ең жақын достарға ай­налдық. Тел өстік. Алтынның ерек­­­­ше қасиеті шаршауды білмейді. Оның бойында өнер де, шешендік те же­­тіп артылады. Қоғамның белсенді мүшесі ретінде әлеуметтік желіге жазба жариялап, пікірін білдіріп оты­­­рады. Жастардың осы отырған әр­қайсыңыздан үйренері көп. Бізді із­дейтін, еңбегімізді бағалайтын ауданда арнайы бас қосатын жеріміздің болғанына, оны басқарып отыр­ған Ұлмекен апайға мың алғыс айтамын, – деді өз сөзінде ардақты ұстаз Ұлболсын Бекмағамбетова.
Білім саласында отыз жылға жу­ық қызмет еткен, балабақша жұмы­сында ерекше қол­таңбасы қалған Шырынкүл Есқараева да жылы ле­­бізін білдірді. Қажы атанған ақ жау­лықты ана өзіне қайын­сіңілі болып келетін Алтын апайға сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы атынан да сый-сыяпат жасалды.
Мерекелік іс-шараға ұласқан көр­меде Алтын апай құрбысы Жұмакүл апаймен қосылып ән салды. Кіш­кентай немересі Әйгерім де әжесіне арнап ән шырқады.
Қоғамдық бірлестіктің іс-шарасы «Отбасы бірлігі – жақсылық бастауы» тақырыбындағы дөңгелек үстел­ге ұласты. Дөңгелек үстелде ардақты аналар қазіргі қоғамдағы отбасының рөлі, ана мен бала денсаулығы, жас отбасылардың татулығы туралы ойларымен бөлісті.

Бибісара ЖАНӘЛІ

23 сәуір 2022 ж. 484 0