Ауылдарда айтулы жұмыстар атқарылуда
Ауданға әкім болып тағайындалған Берік Сәрменбаев жұмыс сапарын аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдардан бастады. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Қоғалыкөл елді мекендеріне барып, халықпен кездесті. Сондай-ақ ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді.
Ауыл халқының талап-тілегіне орай Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Қоғалыкөл елді мекендерінде электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселені жергілікті тұрғындар көптен бері назарға салып келді. Ескірген электр желілері салдарынан жауын жауса, жел болса, жарық сөніп қалатын. Міне, сол мәселе төрт ауылда қатар шешімін тауып, жаңа трансформаторларды орнату, желілерді жаңарту, бағаналарды түгел ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «УниверсалСтройСервис» ЖШС атқаруда.
– Ауылдардағы мәселелерді білемін. Оның ішінде көптен көтеріліп жүрген электрмен жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Одан бөлек облыстық маңыздағы жол жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын талап еттім. Бұл жұмыстардың сапалы орындалуын тиісті бөлім назарда ұстайды, – деді аудан әкімі Б.Сәрменбаев.
Қазіргі таңда облыстық маңыздағы «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» және «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолына асфальт жамылғысы төселуде. Бұл жолдардың жөнделуі ауыл тұрғындарының облыс орталығына қатынауын жақсартады. Бұған дейінгі жолдардың әр жерден ойылуы, сапасының нашарлауы жол жүруге айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Сондықтан аудан басшысы осы жолдардың құрылыс жұмыстарын арнайы көріп, оған аса мән беріп, мердігер мекеме өкілдеріне жол сапасының жоғары болуы қадағалауда болатынын ескертті.
Елді мекендерге жұмыс сапарында аудан әкімі ауылдың тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Елді мекендегі аға буын өкілдері бүгінде жасалып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын жеткізді.
– Жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз. Сіз ауданды, елді мекендердің жағдайын жақсы білесіз. Себебі бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүріп, барлық мәселеге қанықтыңыз. Сол мәселелер жыл басынан бері кезектілігімен шешімін тауып жатқанына қуаныштымыз. Электр желілерінің ауыстырылуы, жолдың жөнделуі халық жағдайын жақсартатыны анық. Одан бөлек мәселелер де назардан тыс қалмайды деп сенеміз. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз, – деді Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов.
Шалғай ауылдарға барған аудан басшысы Айдарлыда жол жиек тас (бордюр) шығарумен айналысатын жас кәсіпкер Ерасыл Жұмахметпен кездесті. Кәсіпкер жұмысымен танысып, кәсіпті әрі қарай дамыту керектігін, оған мемлекет тарапынан қолдау көп екенін айтты. Бүгінде жас кәсіпкер ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Е.БЕРКІНБАЕВ