Ауыз су саласында есеп берілді
Тереңөзек кенті мәдениет үйінде «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалы Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйесін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің есеп беру жиыны өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Нәжмәдин Шамұратов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Жиында Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйесін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің директоры Ерсұлтан Дүзімбетов хабарлама жасады. Ол алдымен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Өндірістік бөлімше өткен жылы 1 055 215 текше метр су көлемін өндіріп, 901 153 текше метр ауыз су тұтынушыларға таратылды. Былтыр бекітілген жоспар бойынша халыққа 788 105 текше метр су қаралса, одан ақшалай есебі 24 647 654 теңге қаражат жиналуы қажет. Бұл жұмыс бекітілген жоспардан асып, яғни халық тұтынған ауыз су көлемі 808 497 текше метр болып, нақты 33 887 695 теңге қаражат жиналды. Оның ішінде толық тарифтен 9 455 372 қаржы жиналды. Аудан бойынша ауыз су тұтынушы жеке тұлғалар саны – 7413 абонент, олардың 6685-іне су есептегіш құрал орнатылған, – деген бөлімше директоры кәріз жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Кәріз саласы бойынша өткен жылға халықтан 16 680 текше метр, мекемелерден 17 435 текше метр лас су шығару жоспары қаралған. Ал орындалғаны халықтан 20 189, мекемелерден 35 547 текше метрді құраған. Жалпы 2022 жылы 55 843 текше метр лас су шығарылған. Ауданда кәріз жүйесін 312 абонент және 14 мекеме тұтынады.
Бөлімше директоры есепті баяндамасында күрделі мәселелерді де қозғады. Атап айтқанда, аудан бойынша 21 көшеде ауыз су құбырының тозығы жетіп, ақау пайда болуда. Бұған қатысты бөлімше тарапынан сызба жұмыстары әзірленіп, аудандық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Енді биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ Тереңөзек кенті, Шіркейлі, Іңкәрдария ауылдарындағы сыйымдылығы 25-50 текше метрді құрайтын ауыз су мұнаралары да тозығы жетіп, жаңасын ауыстыруды қажет етеді. Негізінен, өткен жылы аудан бойынша салаға қатысты 309 апаттық жағдай тіркелген. Оның 42-сі кәріз жүйесіне қатысты болған.
Есепті кездесуде «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Н.Шамұратов сөз сөйлеп, сала жұмысына серпін беру бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Ең алдымен филиал директоры қазіргі таңда ауыз су тарифіне өзгеріс енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның негізгі себебі ауыз су жүйесіндегі құбырларды жаңарту, жаңа техникаларды алу секілді саладағы көптеген мәселелердің шешімін табуы қаржыға келіп тіреледі. Мәселен, халық 1 куб, яғни 1000 литр суға 30 теңге төлейді. Оның өзінде тұтынған суға ақысын төлемейтін тұтынушылар бар екен. Сондықтан осыларды ескеріп, сала жұмысына серпін беру үшін, қызметкерлердің айлық жалақысын көтеру үшін осындай ұсыныстар енгізіліп жатқанын жеткізді филиал директоры. Одан бөлек қазіргі заман талабына сай су ақысын жинау жұмыстарын цифрландыру бағытындағы шаралар қолға алынып жатқандығын да тілге тиек етті. Бұл бағытта аудан әкімдігімен тығыз жұмыс жасап, қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев сырдариялықтарды тәулік бойын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме жұмысына, қызметкерлеріне алғыс білдірді. Сала қызметкерлерінің кез келген уақытта орын алған ақауды жылдам қалыпқа келтіріп, уақытылы ауыз су беріп жатқанын айтты. Сондықтан сала жұмысын жандандыруға бірлесе жұмыс атқарыла беретінін жеткізді.
Е.БЕРКІНБАЕВ