Судың да сұрауы бар
Қырық мыңға жуық аудан халқының арасында соңғы үш айда ауыз судың төлемақысына байланысты мәселе пайда болды. Көптің көкейінде жүрген мәселе ауыз суды пайдаланғаны үшін төленетін тарифтің өзгеруіне қатысты. Қазіргі таңда белгіленген нормадан көп мөлшерде тұтынған ауыз суға едәуір мол қаражат төлейсіз. Бұған дейін ауыз суға аз ғана төлемақы жұмсайтын тұрғындар тіршілік нәрінің қымбатағанына аң-таң. Бағаның шарықтауына бей-жай қарамайтын көпшіліктің ұсынысы негізінде мәселенің мән-жайын білуді жөн көрдік.
Иә, су жүрген жер береке. Қазаны оттан түспеген қарапайым халықтың ауыз суды көп мөлшерде пайдалануы заңдылық. Қазіргі таңда адамдардың екеуара әңгімесі ауыз судың қымбаттауы жөнінде өрбиді. Айлығы шайлығынан артылмайтын тұрғындардың басым бөлігі төлемақы тарифіне өзгеріс енгізілгенінен хабарсыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын бекітілген тариф бойынша ауыз су төлемақысында қиындық туындамайтын. Ал қазіргі жүйе тұрғындарға тиімсіз. «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің келтірген мәліметіне сүйенсек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы бұйрық шығарған. Бұл ретте, бұрық бойынша 1 текше метрге ауыз суға 30 теңге төленуі субцидияланған тариф арқылы жүргізіледі. Негізінен, нормадан асқан ауыз суға ҚҚС қоса есептегенде 1 текше метрге – 364,63 теңгеден төлем жасалатын болады. Яғни, артық пайдаланған ауыз суға 30 теңгеден емес, 364,63 теңгеден төлем жасауға мендеттелесіз. Өз кезегінде бір күнге жекелеген тұрғынға 140 литр су пайдалану көзделген. 365 күнге 51 100 литр мөлшерде ауыз су жұмсалуы тиіс. Ал 1 адамға 51 100 литрді 12 айға бөлгенде 4258 литрді құрайды. Мәселен, отбасында 5 адам тұратын болса, бір айда 21,5 текше метр ауыз су тұтынуға болады. Ал, көрсетілген межеден асқан жағдайда 1 текше метрге жоғарғы тарифпен қаражат алынады.
– Ауылдық жерде ауыз суды көп мөлшерде пайдаланамыз. Құзырлы органның арнайы бұйрық шығарғаны жөнінде осыған дейін естімеген болатынбыз. Жаз айларында ауыз судың төлемақысын кештетіп төлегендіктен қиындыққа тап келдік. Себебі, тамыз айында бекітілген норма бойынша маусым, шілде айында төленбеген қарызымыз 364,63 теңгеден есептеліп, едәуір қаражат төлеуге әкеп соқтырды. Қарызымыздың ұлғайғаны жөнінде желтоқсан айында естідік. Біз қыркүйек, қазан, қараша айларын уақытылы төледік. Сондықтан базалық бағдарламаның есептегішінің жүйесіздігінен артық қаражат төлеуге мәжбүрміз. Арнайы норманы ең алдымен жергілікті тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп, содан кейін отбасы мүшелеріне бекітілген 4,3 текше метр ауыз су мөлшерінен асқан жағдайда төлемақы өтеу керектігін ескерткен жөн. Мәселен, заңды тұлғаларға 364,63 теңгеден төлем жасау қарастылып келеді. Бұл жүйе жеке тұтынушылардың қалтасына салмақ түсіреді, – деді аудан тұрғыны Күлжан Қалыбай.
Біршама тұрғындардың наразылығын тудырған мәселеге байланысты «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің басшысы Е.Дүзімбетов өз пікірін білдірді.
– Халық арасында ауыз суды көп тұтыну жиі кездеседі. Тұрғындардың ай сайын пайдаланған ауыз суға уақытылы төлем жасамауынан берешек қарыз көлемі ұлғаяды. Сондықтан әр айдың 25-не ауыз судың берешегін төлеген дұрыс. Өз кезегінде бірнеше ай ауыз суға қарызын өтемеген адамдарға айтарымыз тариф мөлшері арнайы базалық бағдарлама арқылы есептеледі. Өткен күндерде жинақталған қарыз базада соңғы айдың берешегімен бірге сұралады. Шын мәнінде, отбасында 5 адам тұратын тұтынушы 3 ай бойы төлемеген 64,5 текше метр ауыз суы үшін 23 478 теңге төлеуі ықтимал. Ал үш айда 64,5 текше метр артық ауыз су пайдаланса тұрғындардың қарызы өсе береді, – деді бөлімше басшысы.
Негізінен тұрғындар тарапынан ай сайынғы төлемақының есебін арнайы мекеменің адамдары үй-үйді аралап, қарызын көрсетіп түбіртек беруін сұрайды.
Аудан бойынша 9082 жер үй мен көп қабатты тұрғын үй бар десек, барлығында ауыз су жүргізілгені мәлім. 100 пайыз ауыз сумен қамтылған аудан халқы базалық бағдарламаның тиімсіздігінен қиындыққа тап болатындығы айқын. Сондықтан арнайы база жаңартылып, ай сайынғы төлемді бөлек-бөлек есептеу тетігі қарастырылса игі. Бұл ретте, әрбір тұрғын отбасы мүшелеріне тиісті ауыз су мөлшерін есептеп, төлемақыны ай сайын төлгені дұрыс. Сонда ғана мемлекет ұсынған субцидияланған тарифке ілігеді. Кейбір жағдайда тұрғындар есептгіш құралды орнатпастан 1 текше метрге 146 теңгеден төлеуді құп көреді. Алдағы уақытта ең алдымен тұтынушының талап-тілегін ескеріп, есептеу жүйесін қалыпқа келтіру маңызды рөлге ие. Әйтпесе, арыз-шағымын түсірген жергілікті халық пен мекеме тарапынан түсініспеушіліктер орын ала бермек. Дегенмен, көпшілік «судың да сұрауы бар» екенін ұмытпаса екен.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Пікір 6