Көңілдің нұры әйелден тарайды
Әлемнің шуағы күн нұрынан тараса, көңілдің нұры әйел-ананың жүзінен тарайды. Бүгінде әйел адамдардың қоғамдағы орны мен рөлі нығая түскенін тыныс-тіршіліктен аңғару қиын емес. Қай саланы алып қарасаңыз да әйел азаматтарының еліміздің дамуында қолтаңбалары қалыптасқан. Ұлттық құндылық – салт дәстүріміздің жандануына, ұрпақ тәрбиесінде нәзік жандыладың үлесі зор.
Жақында Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылда мәні мен мазмұны ерекше іс-шара болды. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы М.Тәутенова мен ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ана әлемі – қоғам әлемі» тақырыбын арқау еткен пікір алысуға облысқа еңбегі сіңген ел аналары мен ауылдың белсенді кәсіпкер келіншектері, қоғамдық жұмыста белсенді әйелдер, ақ жаулықтары аналар қатысты. Тәрбиелік маңызы зор іс-шараға облыстық «Әйелдер күші Альянсы» қоғамдық бірлестігін басқаратын Рахима Ахметова, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, Тереңөзек кенті әйелдер кеңесінің төрайымы, қолөнер шебері Алтын Нұртаева, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы, аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева шақырылды.
Ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел басталмас бұрын фоэде орналастырылған ауыл ісмерлерінің көрмесі таныстырылды. Көрмеге ауылдың қолөнер шеберлері Салтанат Ерпанова, Жұлдызай Қосуақованың ұлттық нақыштағы бұйымдары, кондитер өнімдерінің бесапсап шебері, бал ара өсірушісі Эльмира Төретаева, ауылдағы «Қайнар» сауда дүкенінің иесі, сүт өнімдерін өндіруші Ақтолқын Қыстаубаеваның қолдарынан шыққан өнімдері қойылған. Он саусағынан өнері тамған қыз-келіншектер бүгінде шағын бизнес иесі атанып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет етіп келеді.
Түтіні түзу шығып, берекесі мен татулығы тасыған Нағи Ілиясов ауылындағы халық санының 1135-і әйел адамдарды құрайды. Ауылда бүгінде кәсіпкер әйелдердің саны 20-ға жетіп, ауыл еңбеккерлерімен қатар ауылдың дамуына атсалысып келеді. Қалаға бергісіз ауылдың аты бүгінде республикаға танылды. Шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін меймандар шағын ауылдың гүлденгенін талай көзімен көрді. Туған ауылды көркейтіп, шаруашылықтың дамуын қолға алған инвестор, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің еңбегі ұшан-теңіз. Осындай гүлденген үлгілі ауылға айналуға ел азаматының ерекше қолтаңбасы бар екенін айту керек.
Кездесуде алдымен сөз алған Рахима Қаржаубайқызы киелі Сырдарияның Шаған ауылында балалық шағы өтіп, сондағы мектепте білім алғанын айтып, ерекше тебіреніспен сөз сөйледі. Туған ауылдың өсіп-өркендеуіне атсалысып, көптеген қызмет атқарып, бүгінде қоғамдық қызметте жүрген Рахима апай Нағи Ілиясов ауылында республикалық, облыстық әйелдер форумын өткізгенін айтты. Бүгінде облыста «Әйелдер күші Альянсы» қоғамдық қорын басқаратын іскер ана саясаткер әйелдердің клубын жандандыруға, саяси әйелдер мектебінің жұмысын жүргізуге атсалысып, «Жас көшбасшылар» мектебін ұйымдастырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар аймақтың әйелдерін қоғамнан тыс қалдырмау мақсатында «Бойтұмар ханым» қоғамдық қорын үйлестіріп, ісмер әйелдерге қолдау көрсету мақсатында көптеген іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып келеді.
– Қазақ әйелдердің болмысында ұлт тазалығы жатыр. Отбасына деген адалдық, жақсы қасиеттерді бойына сіңіру, үйрену, тез бейімделу, қайсарлық секілді қасиеттерді қазақ әйелдерінің бойынан көруге болады. Сондықтан қай кезде де менің мақсатым – қоғамда әйелдердің белсенділігін, мәртебесін көтеру, олардың іскерлігін насихаттау, барлық саладағы орнын айшықтап, насихаттау. Алда көптеген жоспарымыз бар. Олардың барлығында әйелдердің орны ерекше аталады және әйелдердің қатысуымен өтеді, – деді Рахима Ахметова.
Ауданда көшбасшы әйелдердің көшін бастап, 30 жылға жуық уақыт ауданның әйелдеріне жетекшілік етіп келе жатқан, бүгінде аудандық әйелдер кеңесін басқаратын Ұлмекен Жанәлиева әйелдер белсенді болған сайын қоғамда өзгеріс болатынын айтты. Күні кеше ғана елімізде өткен саяси науқан туралы пікір білдіріп, халық қалаулысы ретінде мандатқа ие болған қыз-келіншектерге, жастарға әркез қолдау білдіретінін, екінші мәрте депутат болған мәдениет саласының білікті маманы, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаеваға сәттілік тіледі.
– Сырдариядан талай белсенді әйел аналар шықты. Оған тарих куә. Солардың қатарында жерлесіміз Рахима Ахметова кезінде «Ақ орамал» деген үндеуін жариялағаны көптің есінде. Міне, осы жобаны қолдап, ауқымды іс-шара жасап, қыз-келіншектердің арасында ақ орамалды насихаттадық. Қазір басымыздан ақ орамалымыз түспейді. Астананың төрінде өтетін жиындарға да осы ақ орамалыммен қатысамын. Сондықтан қазақтың келіншектері мен аналары орамалдың киесін түсініп, басынан орамалын тастамауы керек. Қай қырынан алып қарасақ та әйелдер үлгі болса, болашағымызды тәрбиелейміз. Ер азаматтың жақсы болуы әйелге байланысты, оны төрге сүйрейтін әйел екені рас. Сондықтан отбасында, ошақ қасында тәрбиелі әңгіме, ғибратты сөздер мен өнегелі өсиет айтылуы керек, – деді Ұлмекен Шанайқызы.
Нағилық әйел-аналармен кездесуде қолөнер шебері Алтын Нұртаева өзінің зейнеткерлік жасқа жетсе де, қолөнерден қол үзбей, екі қолға бір жұмыс тауып, тыным таппай ісмерлікпен айналысып жүргенін айтты. Әлеуметтік желіде де белсенді шебер бүгінде қолынан шыққан қолөнер бұйымдары арқылы танымал болғанын, әлеуметтік желіні дұрыс қолданса оның пайдалы тұсы болатынына көзі жеткенін, қолдан келетін жақсы істі табыс көзіне айналдыруға болатынын айтты.
– Қырық жылдан астам уақыт ұстаз болдым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық жұмысқа араласып, әйел-аналардың арасында белсенділік танытып, өзім де пайдалы іспен айналысуға бел байладым. Тігін тігіп, ұлттық нақыштағы балаларға арналған бірін-бірі қайталанбайтын бұйымдар тіге бастадым. Қазір ою-өрнекпен безендіріп тіккен әртүрлі бұйымдарым сұранысқа ие, соның арқасында көптеген көрмелерге қатысып жүрмін. Салт-дәстүріміз тұнып тұрған білім. Ал оны ұқсата білу қыз-келіншектердің қолында. Сондықтан жалықпай, шаршамай ісмерлікпен айналысуға шақырамын. Бүгін қалаға айналған ауылда бас қосып отырғанымызға қуаныштымын. Аналардың еңбегін насихаттайтын іс-шараның ортасында отырғаныма қуаныштымын. «Үйде әйел күлімдесе, аспандағы күн де жарқырай түседі» дегендей жүздеріңіз жарық, отбасыларыңызда тек береке-бірлік болсын, – деді ардагер-ұстаз А.Нұртаева.
Ауданның өнерін өрге сүйреп, талай жас өнерпаздардың жұлдызын жағып жүрген басшы, Ғафурдин Жанұзақов атындағы Айдарлы ауылдық клуб үйінің директоры Анар Қалдыбаева осыдан 2 жыл бұрын «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығын құрды. Бүгінде ауданның 8 елді мекенінде өз үйірмелері жұмыс жасайтын орталықта өнерлі балалар тәрбиеленіп, шығармашылықпен айналысады. Тың жобаны іске асырған Анар Сраждинқызы екінші рет аудандық мәслихат депутаты атанды. Өнер жанашыры әріптестерінің өткізіп отырған іс-шарасына ризашылығын білдіріп, әйел-аналардың рөлін арттыруға алдағы уақытта әлі талай жұмыс жасайтынын жеткізді. Өзінің атынан жиналған әйелдер қауымына гүл шоқтарын ұсынып, өнерпаздармен қосылып «Ана туралы жырды» шырқады.
Ауыл аналарының атынан ардагер-ұстаздар Манат Оразбекова, Шолпан Тойбаева, ардақты ардагер дәрігер Сәрсенкүл Олинова, мәдениет саласының ардагері Күләш Құдабаева, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Мәриямкүл Тәутенова, жас көпбалалы ана Клара Мәлібекова жас аналарға ғибратты сөздерін арнады.
Тәрбиелік мәні зор іс-шараның соңында кәсіпкер келіншектерге ауылдық әйелдер кеңесінің «Алғысы» тапсырылды. Ауыл өнерпаздары Н.Тұранов, Б.Қалиасқарова, А.Әмірбек кездесуді мерекеге айналдырып, әннен шашу шашты.
Бибісара ЖАНӘЛІ