Ұрпақ тәрбиесіне ұлттық ұстаным қажет
Ұлттық тәрбие тұрғысында сөз қозғағанда ата-ананы атап өтпеу мүмкін емес. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесі әйел-анаға жүктелетіні бесенеден белгілі. Сондықтан бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдердің, олардың ішінде өнегесін көрсетіп жүрген аналардың қоғамдағы орны бөлек.
Аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде ардақты әкелер мен мейірімді әйел-аналар басқосты. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық мәслихат депутаты, облыстық «Іскер әйелдер» ассоциациясының төрайымы Манат Алмашева, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балшекер Өтегенова қатысты. Басқосу «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өтті.
Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ұлттық тәрбиеде аналардың рөлі басым екеніне тоқталды.
– Ұлттық тәрбиенің бастауы, қайнар көзі саналатын аналар өнегесінің қай қоғамда болмасын алар орны ерекше. Өйткені жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Баланы жастайынан тура жолдан тайдырмай тәрбиелеудегі ананың рөлі айтпаса да түсінікті. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде ананың мейірімділігі, қамқорлығы тұтас ұлттың ұйытқысы саналады. Жалпы ұрпақ тәрбиесіне ұлттық ұстаным қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң кездесуге арнайы келген облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Р.Ахметова сөз сөйлеп, отбасылық құндылықтар, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің жай-күйі туралы айтты.
– «Отан отбасынан басталады» деген нақыл қандай қоғам болса да маңыздылығын жоймақ емес. Тәуелсіздік жылдарында отбасы беделін нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Осы тұста, отбасылық саясаттан бөлек отбасылық құндылықтар деген бар. Оған халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер жатады. Соның негізінде ұрпақ өнеге алатын тағылымды дүниелер жеткілікті. Уақытында жас Абай «Мен Сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» дегенде әкесі Құнанбай «Менен оздым деу үшін алдымен Абайдай ұл тудырып ал» дегені ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнеге. Міне, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтар бүгінде құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса шындық. Отбасылық кикілжіңдер салдарынан ажырасулар көбейді, ұрпақ тәрбиесінде смартфондар алдыңғы қатарға шығып кетті. Оның салдары қоғамға қауіпті. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты жарқын жобаны қолға алды, – деді Р.Ахметова.
Сөз кезегінде облыстық мәслихат депутаты, облыстық «Іскер әйелдер» ассоциациясының төрайымы М.Алмашева әйел-аналардың әлеуетіне, жағдайына тоқталды. Халық қалаулысы іскер әйелдердің елдің дамуына қосар үлесі зор екенін атап, кәсіппен айналысатын нәзік жандыларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Меймандар ауданда өнегелі істерімен үлгі көрсетіп жүрген бірқатар құрметті жандарды «Ел анасы» номинациямен марапаттады.
Басқосу барысында аудандық Әкелер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, ардақты ана, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алма Бақтиярова, аудандық Аналар кеңесінің мүшесі Татьяна Ким сөз сөйлеп, отбасы құндылығы, қоғам мен отбасы байланысы, әке мен ана рөлі төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ауданда ұлттық тәрбиеге қатысты үлгілі үрдістерді жаңғырту керектігін тілге тиек етті.
Кездесу қорытындысында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Б.Өтегенова алдағы жоспарларымен бөлісіп, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан ел аналарын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ