Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бірқатар әйелдер қауымы марапатталды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бірқатар әйелдер қауымы марапатталды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында еліміздің, Сыр өңірінің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымымен, іскер әйел-аналармен, қыз-келіншектермен «Әйел-қоғам тірегі» атты кездесу өткізді.

«Елбасымыздың «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды» деген сөзі бар. Бүгінде әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатына алғаш рет Ақмарал Әлназарова сайланса, Мәжілісте жерлестеріміз Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаевалар бар. Сонымен бірге, биылғы жылы облыстық басқармалардағы әйел басшылардың саны 1-ден 6-ға көбейді. Ал, аумақтық департаменттердегі бірінші басшылықта 5 әйел отыр. Бұл басқарма, департамент басшыларының 21,5 пайызы. Мұндай басқосулар нәзік жандылардың көкейінде жүрген көп сауалының жауабын табуына, жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыста 812 мыңнан астам тұрғын болса, оның 405 мыңға жуығы әйелдер. Экономикалық белсенді халықтың үлесі 452 мыңнан аса, оның ішінде 217 мыңнан астамы әйелдер болып есептеледі.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтардың 73 пайызы әйелдер болса, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы нәзік жандылардың үлесінде.

Облысымызда 54 157 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, оның ішінде шамамен 22 мыңнан астамы әйел кәсіпкерлер.

Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 95 кәсіпкер әйелге төмен пайызбен несиелер берілді.


Бизнеске көпбалалы аналар да тартылуда. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыруға 602 көпбалалы ана грант алды.

Кездесу барысында облыстың құрметті азаматы, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, «Бойтұмар - Ханым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық Іскер әйелдер Ассоциациясының төрайымы Манат Алмашева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, «Сыр аналары» қоғамдық қорының құрылтайшысы, «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК директоры Нұрсауле Мұсаева, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары, «Beauty academy by Dinara Almussayeva» әсемдік мектебінің директоры Динара Алмусаева, «Сәт сервис» ЖШС директоры Роза Иманова, «Казспецстройэкспертиза» ЖШС директоры Гүлзагира Әбдірайымова, «Ас-Ка» ЖШС директоры Дана Махатова, «Қызылорда» оптомаркетінің құрылтайшысы Нейля Жусупова, жеке кәсіпкерлер Ақмарал Алибаева, Гүлдана Бисенова, Жанат Токмеилова, Ұлбазар Әбілда және көпбалалы ана Әсем Баймаханова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаты республикалық Іскер әйелдер Ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева, Маңғыстау облысының кәсіпкері Юлия Халиева, Ақмола облысының кәсіпкері Раушан Қожанова мен аудандардағы кәсіпкер қыз келіншектеріне табысталды.

Шараға қатысушылар әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі ролі, отбасы құндылығын насихаттау және жас отбасылардың арасындағы ажырасулардың алдын-алу бағытындағы жұмыстар, көпбалалы аналарға беріліп жатқан қолдаулар, қарапайым заттар экономикасы, аграрлық сектордағы әйелдер бірлестігі және басқа да маңызды мәселелер туралы айтып, пікірлерін білдірді.

Айта кетейік, кездесуде кәсіпкер қыз-келіншектердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
09 желтоқсан 2020 ж. 443 0