ҒЫЛЫМИ ЖОБА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
Жас ұрпақты отансүйгіштікке, туған жерді қадірлеуге тәрбиелеуде Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор. Желтоқсанның 4-і күні Алматы қаласында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі Халықаралық ғалымдар Одағының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Рәміздеріне 25 жыл, Қазақстанның БҰҰ қабылдануына -25 жыл, ҚР Тәуелсіздік күні құрметіне арналған «Рухани жаңғыру» Ұлттық бағдарламасы аясында «Мәңгі ел-Қазақстаным!» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияда сырдариялық өрендердің баяндамала- ры үздіктер қатарына енді. Ақжарма ауылындағы №130 орта мектеп оқушылары Ілияс Орынбек бас жүлде, Шұғыла Еркінқызы, Нұрдана Жолдасбекова, Әбілмансұр Бүркітбай бірінші орын алды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар арнайы дипломдар мен төсбелгі және «Дубайға» саяхатқа шақыру хаттарын тапсырды.
Ғылыми-практикалық конферецияға ғылыми жоба- ны дайындауға жетекшілік еткен мектептің химия пәнінің мұғалімі Зиягүл Тұяқова 8 сынып оқушысы Ілияс Орынбектің «Биологиялық белсенді қоспалардың адам ағзасына әсері», 11 сынып оқушысы Шұғыла Еркінқызы «Бірін бірі алмастыратын металдар жұбының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсері. (Кальций-стронций, мырыш-кадмий, темір – кобальт»), 9 сынып оқушысы Нұрдана Жолдасбекова «Өсімдіктердің өсуі мен дамуына тыңайтқыштардың әсері» атты ғылыми жобалары сәтті шыққанын, нәтижесінде жүлдегер атанғандарын жеткізді. Оқушыларды ғылыми еңбекке, ізденіске, шығармашылыққа үйретіп жүрген тағы бір ұстаз Ақмарал Жақанова. Ақмарал мектептің бастауыш сынып оқушысы Әбілмансұр Бүркітбайға жетекшілік етіп, ғылыми жоба зерттеуге машықтандырды. Жоба тақырыбы «Туған өлкем Ақмаржанның ардақтылары» деп аталады. 3 сынып оқушысы Әбілмансұрдың еңбегі де бірінші орынға лайық деп танылды. Осындай жетістікке жеткен оқушылар ұстаздарының ғана емес, ауданның мақтанышы. Бәрекелді, жас ғалымдар!
Б.ЖАНӘЛІ
Пікір 2