Аудан бюджеті бекітілді
Сырдария аудандық мәслихатының кезекті 24-сессиясы өтті. Сессияға 12 депутаттың 11-і қатысып, күн тәртібінде негізгі тоғыз мәселе кеңінен талқыланды. Оның ішінде, ауданның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті бекітіліп, бірқатар маңызды шешімге өзгерістер енгізілді.
Кезекті сессия жұмысына депутаттардан бөлек аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім, мекеме басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты. Сессияға аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов төрағалық етті. Айтып өту керек, сессия алдында депутат Дархан Ералиевтің төрағалығымен Сырдария аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Бірлескен отырыста сессия қарауына ұсынылатын мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті депутаттық сауалдарға жауап берілді. Ең алдымен, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлама жасап, 2023-2025 жылдарға арналған аудан бюджетінің жобасын депутаттардың назарына ұсынды.
– Аудан бюджеті қай кезде де депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып қабылданады. Биыл да сіздердің жыл басынан бері айтқан ұсыныстарыңызды жоспарға енгіздік. 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет түсімдерінің болжамы бюджет түсімдерін болжамдау әдістемесіне, өңірдің қысқа мерзімдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштеріне, ҚР Салық, Бюджет кодекстеріне және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сай әзірленді. 2023 жылға арналған аудандық бюджеттің кірістері 9558519 мың теңге болып белгіленді. Аудандық бюджеттің кірістері 4370639 мың теңге, оның ішінде, салықтық түсімдер – 4354703 мың теңге. Салықтық түсімдердің басым көпшілігін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық құрайды. Ал салықтық емес түсімдер – 600 мың теңге. Сондай-ақ келесі жылға негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 15936 мың теңге мөлшерінде жоспарланды. Трансферттер түсімдері 5187880 мың теңгені құрауда, субвенция көлемі 1613995 мың теңге, нысаналы даму трансферттер 2479036 мың теңге, ағымдағы нысаналы трансферттер 1094849 мың теңге, – деді бөлім басшысы.
Аудандық бюджеттің жалпы шығындар көлеміне тоқталар болсақ, шығындар 2023 жылы 9558519 мың теңге көлемінде жоспарлануда. Атап айтқанда, бағдарлама әкімшілері бойынша аудандық мәслихат аппаратына 89181 мың теңге, аудан әкімінің аппаратына 273863 мың теңге, аудандық қаржы бөліміне 1995012 мың теңге бағытталуда. Сонымен қатар аудандық мемлекеттік сатып алу бөліміне 28937 мың теңге, экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне 120810 мың теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 1838268 мың теңге бөлінуде. Мұнан бөлек 36994 мың теңге аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне, 2002289 мың теңге жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне, 305450 мың теңге аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне, 381219 мың теңге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, 126081 мың теңге аудандық ішкі саясат бөліміне бөлінуде. Сондай-ақ аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне 42565 мың теңге, жер қатынастары бөліміне 46213 мың теңге, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне 2271637 мың теңге бағытталуда. Бұл туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы айты.
– Осы шығындар келесідей жұмыстарды атқаруға жоспарланған. Тереңөзек кенті бойынша айтар болсақ, жаңа шағын ауданның инфрақұрылымы, яғни қиыршық тас жолының құрылысы, Қ.Бөдеев көшесінің автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары және 18 пәтерлі №5, 6 тұрғын үй құрылысына жобалау сметалық құжаттамалар дайындау жүргізіледі. О.Мәлібаев, Д.Қонаев, Ә.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, А.Әлиакбаров көшелеріндегі автомобиль жолдары да орташа жөндеуден өткізіледі. Депутаттардың ұсынысы негізінде Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де басталмақ. Сондай-ақ Тереңөзек кентіне су мұнарасын сатып алу үшін 9 млн теңге бөлінуде. Ауылдар бойынша ақпараттар жазбаша ұсынылған, ол туралы толығырақ сессия барысында аудан әкімі айтып өтеді, – деді Ерлан Ахетов.
Тұрақты комиссия мүшелері баяндамашыға сұрақтар қойды. Халыққа есеп беру жиындарында көтерілген мәселелер бойынша айтылған ұсыныстар сарапқа салынды.
Депутаттар көшелерді жөндеу, аяқ су мәселесі, әлеуметтік нысандар құрылысы туралы депутаттық сауалдарын жолдап, жауап алды. Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе аудандағы мемлекеттік жастар саясатын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Смайлов хабарлама жасады.
– Мемлекеттік жастар саясатын дамыту бағытындағы жұмыстар ауданда жүйелі түрде жүргізілуде. Белгіленген «Жол картасы» аясында 2022 жылы «Мирас» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігі және «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қоры жұмыс жасады. Аудандық полиция бөлімімен бірлесе жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында рейд жұмыстары жүргізіліп келеді. Аудандық орталық аурухананың жастар денсаулығы бөлімімен бірлесе 8 рет түрлі форматта кеңес беру кездесулері өтті. Мұнан бөлек діни экстремизнің алдын алу, жат ағымнан сақтану мақсатында жыл басынан бері 10 кездесу мен семинар ұйымдастырылды. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін «Жастар кеші көңілді» тақырыбында жастар кеші, спорттық, мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Биыл аудандық жастар реурстық орталығының жанынан «Кітап оқиық» атты кітап клубы ашылды. Барлық ауылдық округте коворкинг орталықтары жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін жұмыс жасауда. Соңғы жылдары елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуға көп қолдаулар көрсетілуде. Мемлекеттің бұл шарапатын сырдариялық жастар да сезінуде. Атап айтқанда, жыл басынан бері 276 адам грант иегері атанса, оның 148-і жастар, – деді бөлім басшысы.
Бұл мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы пікір білдірді. Ол жастар саясатын жүргізу мен үйлестіруде медиасауаттылық пен ақпараттық насихаттық жұмыстардың алатын орны ерекше екеніне кеңінен тоқталды.
– Аудандағы жастар саясатының даму барысын баяндамадан тыңдадық. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен айтылды. Ендігі кезекте сол міндеттерді ортақ міндет деп қабылдап, бәріміз бірлесе орындауымыз қажет деп есептеймін. Жалпы, мемлекет тарапынан жастарға, оның ішінде алғыр, білімді, жан-жақты жастарға барлық жағдай жасалуда. Оны күнделікті өмірден көруге болады. Ізденген жастар білім, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және басқа да салаларда жақсы-жақсы жетістіктерге жетуде. Оның ішінде, сырдариялық жастардың да бәсі биік. Бұған дейінгі жиындарда және күні кеше аймақтың медиаменеджерлерімен шағын құрамда өткен кездесуде аудан басшысы Мұрат Нәлқожаұлы атап өткендей, біз сол жақсы жұмыстарымызды баспасөзде жақсы насихаттай да білуіміз қажет. Мұның идеологиялық маңызы зор. Жастар өз араларынан, ауданымыздан шыққан үздіктерді танып, біліп, оларды үлгі тұтып, жетістіктерін мақтан етуі тиіс. Ал, ол жұмыстарды үйлестіруде медиасауаттылық пен ақпараттық насихаттық жұмыстардың алатын орны ерекше. Осы ретте, жастар саясатын ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуге, нақтысын айтқанда, баяндамада айтылған жұмыстарды мерзімді басылымда ақпараттандыруға ауданымызда қаржы жоспарланып жатқан жоқ. Соның негізінде жастардың жұмысын тек журналистер жазып, журналистер ақпараттандырып жүр. Ал жастар саясатына тікелей жауапты аудандық ішкі саясат бөлімі, ауыл әкімдіктері, жастар ресурстық орталығының атынан немесе ауылдардағы жастар ісі жөніндегі мамандардың атынан аудандық газетте бірде-бір авторлық мақала жарияланған жоқ. «Әлеуметтік желі тұрғанда газетті кім оқиды?» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Желі аты айтып тұрғандай жел сияқты, бүгін бар ақпаратты ертең өшіріп, көшіріп немесе өңдеп, жөндеп тастауға болады. Ал газетте жазылған дүние өшпейді, сақталады. Барлығын әлеуметтік желіге артып отыра берсек, онда халық газетті ғана емес, кітапты да оқымайды деп айтуға тура келеді. Онда газетті керек қылмағандай, кітапты, қала берді кітапхананы да керексіз етіп тастасақ не болмақ? Сондықтан әр нәрсенің өз құндылығы бар екенін ескеріп, жастар саясатын ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуге, мерзімді басылымда жергілікті жастардың жетістігін, еңбегін ақпараттандыруға қаржы жоспарлануы қажет. Бұл ұсыныс аудан әкімімен талқыланды. Оған дейін аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне де бұл жұмыстардың маңыздылығы айтылды. Азаматтар дұрыс түсініп, ұсынысты қолдап отыр. Сол жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік те, уақыт та бар. Сондықтан осы жұмыстарды үйлестіруге тиісті мамандар атсалысады деп сенемін, – деді депутат.
Үшінші мәселе бойынша аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікеновтің жыл көлемінде атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Мәслихат хатшысы депутаттық корпустың және мәслихат аппаратының ауданды дамыту бағытында бірлесе атқарған жұмыстарын баяндады.
– Негізінен, мәслихаттың негізгі жұмыс нысаны сессия болып табылады. Сессиялардың ұйымдастырылуы мен өткізілуі туралы айтар болсам, есепті мерзім ішінде жетінші шақырылымдағы Сырдария аудандық мәслихатының барлығы 12 сессиясы өткізілді. Оның 4-і кезекті, 8-і заңдылыққа және аудан әкімінің ұсынысына сәйкес шақырылған кезектен тыс сессиялар болды. Сессияларға аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, меншік нысанына қарамастан барлық мекеме, бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты. Ал, аталған сессияларда 64 шешім қабылданып, 26 шешім жалпыға бірдей маңызы бар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болғандықтан Әділет органдарынан тіркеуден өтіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралында жарияланды. Сессиялар барысында 2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджетке 6 рет өзгерістер мен толықтырулар, 4-ші деңгейдегі бюджетке 4 рет өзгерістер енгізілді. Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан құзырлы органдарға 7 депутаттық сауал жолданды. Депутаттық сауалдардың бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ. Сайлаушылардың талап-тілектерін ескере отырып, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдар назарына берілген ұсыныстардың облыс, аудан әкімдігінің қолдауымен басым бөлігі шешімін тапты. Нақтырақ айтар болсақ, 7 депутаттық сауалдың 6-ы толық орындалса, 1 сауал орындалу үстінде, – деді Е.Әжікенов. Мұнан бөлек сессияда қаралған мәселелер, ауданның жетістіктері, депутаттардың белсенділігі мен атқарған жұмыстары туралы кеңінен айтып өтті.
Тұрақты комиссияда «Сырдария ауданының кент және ауылдық округтерінің 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың №154 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ депутаттарға «Аудандық жер комиссиясы туралы» Сырдария аудандық мәслихатының №127 шешіміне өзгеріс енгізу жобасы таныстырылды. Бұл туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Мейрамбекұлы баяндап, депутаттардың бірауыздан қолдауымен мәселе сессия қарауына ұсынылды.
Алтыншы мәселе «Сырдария аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау Әдістемесін бекітуге арналып, аудандық мәслихаттың бас маманы А.Сәдуақасов түсініктеме берді. Ал жетінші мәселеде аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және қорғаныс бөлімінің басшысы Қ.Қуандықов хабарлама жасап, терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту жөніндегі өзгерісті таныстырды. Күн тәртібіндегі сегізінші мәселе Сырдария аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 наурыздағы №124 «Сырдария аудандық қоғамдық кеңес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізуге арналды. Бұл мәселе бойынша аудандық қоғамдық кеңес хатшысы Жандос Әбубәкіров баяндама жасады. Тоғызыншы мәселеде аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Г.Божан 2023 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Жоспарға сәйкес депутаттар келесі жылдың басында ауыл шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылап, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының есебін тыңдайтын болады.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қорытындысында мәселелер кеңінен талқыланып, сессия қарауына ұсынылды. Сессияны аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов жүргізіп, тоғыз мәселе бойынша шешім жобалары депутаттардың қолдауымен бекітілді. Мұнан соң аудан әкімі М.Ергешбаев сөз сөйледі.
– Бұл жолғы сессияның орны ерекше. Ауданның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті бекітілуде. Осыған орай, біз өте қажетті және тұрғындар көтерген мәселелерге қаржы бағыттап отырмыз. Мысалы, Айдарлы елді мекені электрмен жабдықталып, Қ.Сәтпаев, Жармахан, А.Жиренов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнан бөлек, Досбол датқа көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынады. Жетікөл, Аманкелді ауылында да электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Рахменше, П.Сахабаева, А.Көзейбаев көшелері мен автомобиль жолы орташа жөндеуден өтеді. Бесарықта келесі жылы спорт кешенінің құрылысы жанданады және М.Әуезов көшесі орташа жөндеуден өткізіледі. Шаған елді мекеніне су мұнарасын сатып алуға қаржы қаралып отыр. Көшелерді жөндеуге алдағы сессияларда міндетті түрде қаражат бөлінеді. Шіркейлі ауылындағы Қ.Қожамжаров, Бейбітшілік көшесінің автомобиль жолын орташа жөндеуден өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Қоғалыкөл елді мекенін электрмен жабдықтап, «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеуден өткіземіз, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы Қалжан ахун елді мекенінде жүргізілетін газ құбырлары және кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылысына да бюджеттен қаржы қарастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ Қайқы батыр көшесінің автомобиль жолын орташа жөндеу жоспарға енгізілгенін айтты. Алдағы жылы Қалжан ахун ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекет ғимаратына да облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сәкен Сейфуллин ауылына келер болсақ, ауылдағы бірқатар көше орташа жөндеуден өткізіледі деп күтілуде. Ал Іңкәрдария елді мекеніне су мұнарасын сатып алуға қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, 2022 жылы секвестрленген қаржыларды 2023 жылы қайта бөлу жоспарлануда. Оның ішінде «Қызылорда – Тереңөзек – Жалағаш» аудандық маңызы бар автожолы мен кенттегі Б.Момышұлы, И.Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу, Шаған елді мекенін газдандыру жобалау сметалық құжаттамасын сараптамадан өткізу шығындары бар. Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін бюджеттік кредиттердің 269 100 мың теңге көлемінде жоспарланғанын да айтып өткен жөн.
Осы және басқа да мәселелер, бюджет кірістері мен шығындары кеңінен талқыланғаннан кейін аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов депутаттық корпустың атынан атқарушы билікке алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ел игілігі үшін әріптестерін бірлесе еңбек етуге шақырып, жылды жақсы қорытындылап жатқан ауданды дамыту ортақ міндет екенін айтты. Сондай-ақ жыл басынан бері елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге лайықты үлес қосқан азаматтарға алғысын айтты.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ