Бюджетке өзгерістер енгізілді

Аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов сессияның күн тәртібімен таныстырып, жылдың қорытындылануға жақын қалғанын және депутаттар назарына ұсынылған мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Сессияда Тереңөзек кенті мен Ақжарма, Аманкелді, Бесарық, Н.Ілиясов, Шаған, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Айдарлы, Жетікөл ауылдық округтерінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті туралы аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 31 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлама жасады.
Сонымен қатар, «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту» туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев баяндады. Бұл мәселе бойынша депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып, аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 16 қыркүйектегі №430 шешіміне өзгерістер енгізілді.
Кезектен тыс сессия барысында аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсынылып, комиссияның оң қорытындысын алған азаматтарды таныстырды. Соның негізінде депутаттардың бірауыздан қолдауымен он үш азаматқа «Құрметті азамат» атағын беру туралы шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде хабарлама жасады. Сондай-ақ, аудан әкімі М.Ергешбаев бірлесе атқарылған жұмыстар үшін депутаттарға алғысын білдірді.
А.СЕЙІЛОВ