Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтарымсыз грантпен кәсібін бастаған

Қайтарымсыз грантпен кәсібін бастаған

Нарықтық заманда кәсіппен шұғыл­данудың ұтымды тұсы көп. Күнкөріс деңгейін жақсартудың бірден-бір жолы – қолынан келген істі табыс көзіне айналдыру. Бұл ретте, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттың кәсіп иесіне тигі­зер пайдасы зор. Мәселен, қоғалыкөлдік Ләйлә Кенжеғұлова «Стартап» бизнес идеяларды іске асы­ру бағдарламасы шеңберінде өз кәсібін ашуға мүм­кіндік алған.

«Айжұлдыз» шағын кәсібінің ие­сі Ләйлә Кенжеғұлова көпбалалы отбасынан шыққан. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жас кәсіпкер Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінен «Кә­сіп­тік білім бе­ру» мамандығын мең­гереді. Ауылда аталған мамандық бойынша жұмыс орны болмағаннан кейін, ба­лабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Тың жаңалықты ашуды жаны қалайтын ол  балаларды жан-жақты дамытуға арналған құрал-жабдықтар жасап шығарады.  Биыл «Стартап» бизнес идеяларды іске асыру бағдарламасына қатысқан оның жобасын комиссия бір ауыздан қолдайды. Осылайша, 1 225 200 теңге грант иегері атанған өз ісінің шебері жұртшылыққа ерекше кәсіпті ұсына бастайды.

– Бір жылдары балабақшада тәр­биеші болып жұмыс істеген бо­ла­тынмын. Әрине, жұмыс барысында мол тәжірибе жинақтап, ба­ланың ой-өрісін, қабілетін, еркін сөйлеуін, алғырлығын дамытуға ар­налған арнайы құрал-жабдықтың маңыздылығын түсіндім. Сонымен бірге көрнекілік құралды ұстап көру, оларды сан түрлі форматта жа­сауды үйрену баланың жетілуіне кө­мектесетінін сездім. Сондықтан бо­лар бала күтіміне байланыс­ты де­малысқа шыққаннан кейін, осы кәсіптің қыр-сырын зерттей бастадым. Өзге елдердің тәжірибесіне те­реңнен қанығып, өз кәсібімді ашуға бел будым. Өткен жылы қолға алған кәсібімді өмірлік қызметіме айналдырдым десем, қателеспеймін. Ал­дағы уақытта жеке кәсіпті жолға қойып, ерекше көрнекілікті, сан түрлі бұйымдарды шығаруды алдыма мақсат етіп қойдым. Сұраныс бар жерде  кәсіп өздігінен жүре бас­тайды. Өзім қалаған кәсіпті игеру арқылы мол табысқа қол жеткізуді қалаймын, – дейді жас кәсіпкер.

Жақында бесінші перзентін дү­ниеге әкелетін көпбалалы ана өзі бастаған кәсіптен зор үміт күтеді. Мемлекет бөлген 1 225 200 теңгеге кәсіби маман компьютерлік графика арқылы ойын жасайтын ноут­­бук, фетр материалын қиятын «Плоттер» аппаратын және  өзге де құ­рал-жабдық сатып алған екен. Айта кетейік, «Плоттер» аппараты Ресей елінен арнайы тапсырыс­пен жеткізілген. Жұмыс барысында қазақы ою-өрнек, ерекше көз қы­зығатын суреттер, баланың ой-та­нымын жетіл­діретін дамытушы ойындар, тәрбиешілерге көрнекі құралдар жасалады.

– Ерекшелігі көп, кәсібім өзіме ша­быт сыйлайды. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуге барынша жұ­мыс жасаймын. Үздіксіз кәсіп жүр­гізудің артында жұртшылықтың айтар алғысы тұрады. Әрбір бала­ға көмегімді тигізіп, өз ісімді жандан­дырғым келеді. Өзге де бизнес жо­баларға қатысып, жоғары дәрежеде халыққа қызмет көрсететін кәсіпкер­лік орталығымды ашуға мүдделемін. Негізгі мақсатым – ауылдағы үйде отырған аналарды жұмыспен қам­ту. Сонымен бірге баланы дамыту барысында көмегі тиетін құрал­дарды инновациялық бағытта ке­ңінен жетілдіру. Үлкен көлемдегі тап­сы­рыс­­ты уақытылы орындай алатын дәрежеге жету. Мемлекеттің қолда­уының арқасында жаңа кәсіпті ашуға ынтасы зор жандар көп, – дейді көп­балалы ана.

Жас кәсіпкер Ләйлә Кенжеғұлова – Шиелі ауданының тумасы. Жас ана осыдан 10 жыл бұрын Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Жал­ғас Накиповпен отау құрады. Үйдегі отағасы да балабақшада еңбек етеді. Сонымен бірге зайыбына үнемі қолдау көр­сететін Жәкең асабалық қызметті жанына серік еткен. Үйдің тіршілігін қатар алып жүрген бесас­пап ауыл тұрғынының кәсібіне береке берсін демекпіз.  


Б.ҚАРАМАНТЕГІ
10 желтоқсан 2022 ж. 420 0