Жаңа бизнес идеяларды онлайн қорғады
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға елімізде қолдау көп. Мемлекеттік бағдарламалар аясында өзінің кәсібін бастауға ниетті жандарға жеңілдіктер қарастырылып келеді. Оның ішінде "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік гранттарды ұтып алуға мүмкіндік мол. Осы орайда, бағдарлама аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның 3-ші отырысы онлайн түрде өткізілді.
Ауданға қарасты әрбір елді мекенмен бейнебайланыс орнатылып, 68 үміткердің өтініші қаралды. Олардың басым көпшілігі мал шарушылығымен айналысуға қатысты жоба ұсынды. Сондай-ақ құс шаруашылығы, ағаш өңдеу шеберханасын ашу, дизайнер, ат әбзелдерін дайындау, монша ашу, омартамен айналысу және тағы да басқа жобалар бар. Әрбір үміткер комиссиямүшелеріне жобаның мақсат-міндеті мен оның тиімділігін айтып, сұрақтарға жауап берді.