Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтарымсыз грантты кімдер алды?

Қайтарымсыз грантты кімдер алды?

Мемлекеттік саясаттың бас­ты ба­ғыт­тарының бірі – жұмыс­сыздықты жою. Осыған байланысты жұмыссыз жүрген азамат­тарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың заман­ ағымына сай кәсіпке бейімделуіне түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Оның қатарында «2021-2025 жыл­дар­ға арналған кәсіпкерлікті дамы­ту жөніндегі ұлттық жобасы» бар. Бұл бойынша тұрғындар өз­дері қала­ған кәсіпті, оның ішінде инно­вация­лық жобаларды әзірлеп, оған қайтарым­сыз грантты жеңіп алады.

Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қа­ты­сушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негіз­де беріледі. Өткен жылы кәсіп бастаушылар «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекеттен қолдау көрген. Олардың әрбіріне 600 мың теңгеге дейін қайтарымсыз несие берілді. Ал биыл өз ісін бастағысы келіп жүрген жандарға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында демеу көрсетілді. Мемлекеттен берілетін қаржылай қол­дау 1 225 200 теңгеге дейін жетті. Жоба ая­сында грант бұрындары жұмыссыз жүрген Қазақстан Республикасының кез келген азаматына берілсе, биылдан бастап шектеулер енгі­зілген. Енді қайтарымсыз несиені жас­тар мен әлеуметтік осал топқа жататын адамдар ғана ала алады. Яғни, мүгедектігі бар, көпбалалы, асы­раушысынан айрылған жандар мен жастар өздерінің бизнес жобаларын қорғап, кәсіптерін бастауға мүмкіндігі зор.

Ауданда мемлекеттің қолдауымен кәсібін бас­тағысы келетіндердің қатары көп. Соған бай­ланысты биыл 4 лек бойынша құжаттар қабыл­данып, бизнес жоспарлар қолдау тапқан.

– «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның» «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша ауданда 300 адам­ға кәсібін бастауға қолдау көрсету жоспарланды. Осыған орай, арнайы құрылған комиссия құрамы жыл басынан бүгінге дейін 4 лек бо­йынша құжаттарды қарады. Бірінші және екінші лекте 113, үшінші лекте 163, соңдай-ақ жақында қаралған соңғы лекте 24 тұрғын қайтарымсыз грант жеңіп алды. Жалпы, аудан бойынша биыл 300 адам грант иегері атанып, кәсіп бастауына мүмкіндік жасалды. Олардың 146-сы – жастар, 154 адам әлеуметтік осал топтар қатарынан, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы А.Байымбетова.

«Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мем­лекеттік гранттар беру» деп аты айтып тұр­ғандай, бұған тың, инновациялық жобалар ұсы­нылуы тиіс. Десе де, кәсіп бастауға ниет­ті­лер­дің көбі мал бордақылау, сүт бағытындағы мүйізді ірі қара асырау, қой-ешкі өсіру секілді жобаларды ұсынған. Арагідік елді мекендерде жаңадан қолға алынатын жобалар да жоқ емес. Дөңгелек жөндеу, дәнекерлеу цехы, сән салоны деген жобалар ауылдарға керек-ақ. Десе де осылар бойынша бизнес жоспарлар жасал­ғанда көптеген қателік жіберілген. Бірінде бизнес жоспар қате болса, бірінде өтініш­тері сәйкес келмей жатады, енді бірінде мекен жайы нақты болмай жатады. Комиссия мүшеле­рі осындай ол­қылықтардың салдарынан көпте­ген жобаларды кері қайтарған. Ал қолдау тапқан жоба­лардың ішінде ағаш бұйымын жасау секілді жаңаша ба­ғыттағы жобалар бар.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
29 қазан 2022 ж. 512 0