Қолайсыз отбасылармен жұмыс күшейеді

Жиын барысында мектеп оқушыларына сала мамандары қоғамдағы өзекті мәселе жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізді. Яғни, қонақтар отбасындағы зорлық-зомбылықтың ең маңызды әлеуметтік проблемалар қатарында екендігін айтып, профилактикалық іс-шараға белсене қатысуға жиналған көпшілікті шақырды.
– «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аудан көлемінде жалғасы табуда.Отбасында орын алатын түрлі жанжалдар бала психологиясына әсер етеді. Бұл мәселені ата-аналар ескере бермейді. Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Баланың құқығын шектеп, зәбір көрсететін жандар арамызда баршылық. Әркез қолайсыз отбасыларды өмірге бейімдеу маңызды. Әрине, отбасында балаға жан-жақты тәлім-тәрбие берілуі тиіс. Үнемі құқық қорғау органдары қолайсыз отбасы мүшелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыру керек, – дейді Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Д.Ұзақбаев.
Өз кезегінде мектеп оқушылары тарапынан мазалап жүрген сауалдар ортаға салынып, заң жүзінде жауаптар берілді. Сонымен бірге 210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің ұстаздары осы мәселеге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Негізінен, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы жыл сайын өткізіліп тұрады. Мұндай іс-шаралар қолайсыз отбасыларды түзу жолға салуға пайдасін тигізеді. Әркез отбасын тыныштығын бұзған жандар қоғамдық жұмысқа тартылса деген ұсынысымыз бар. Себебі, өз отбасының тыныштығын бұзған жандар ескі әдетінен таймайды.