Бруцеллез – шұғыл шараларды талап ететін індет
Көп жылдан бері республика, облыс, аудан көлемінде үнемі мәселе ретінде көтеріліп, ақпарат құралдарында жарияланып, айтылып жүрген әлеуметтік мәселенің бірі адам мен жануарларға ортақ бруцеллез індеті екенін көпшілік жақсы біледі. Егер, бруцеллезге қарсы шұғыл шаралар қолданылмаса мал шаруашылығы орасан зор шығынға ұшырайды.
Жануарлармен қатар бруцеллез індетінің адам денсаулығына әкелетін зияны айтарлықтай. Адамның бруцеллезбен ауруы малдардың бұл ауруына қарсы күреске ерекше назар аударуды қажет етеді. Себебі, бруцеллез малдар арасында жойылмаса, адамның да бұл ауруға ұшырауы тоқтамайды. Бруцеллез індеті адамнан адамға жұқпайды, осы індетпен ауырған мал мен оның өнімдерін пайдалану арқылы жұғады. Бруцеллез індетімен жануарлардың барлық түрі – ірі қара, жылқы, қой мен ешкі, түйе, шошқа, ит, кемірушілер мен құстар ауырады. Адамға ең қауіптісі және індеттің негізгі көзі – қой мен ешкі болып табылады. Аталған аурудың қоздырғышы ағзадан сүт, зәр, нәжіспен бірге шығады. Әсіресе, мал төлдегенде, іш-тастағанда және шуы түскенде бұлармен бірге індеттің қоздырғышы өте көп мөлшерде сыртқы ортаға шығады.
Бруцеллез індетіне шалдыққан төрт түліктің ауру белгілері айқын емес және басқа ауруларға ұқсас болады. Ауру созылмалы түрде өтеді. Сондықтан, ауруды тек қана малдан қан алып, оны зертханада серологиялық әдістермен тексеру арқылы ғана анықтауға болады. Бруцеллез індетіне қарсы шараларға үкімет тарапынан қаржы бөліп, көңіл бөлу нәтижесінде және аудандық ветеринариялық станса, ауылдық округтердегі ветеринариялық пункт мамандары қызметінің арқасында бруцеллез індеті соңғы жылдары аудан бойынша төрт түлік малдары арасында тіркелуі айтарлықтай азайды. Салыстырып айтар болсақ, 2007 жылы 45 бас мүйізді ірі қара, 211 бас қой мен ешкі осы індетпен ауырса, тиісінше, 2017 жылы 13 бас мүйізді ірі қара ауырып, қой мен ешкіден ауырған мал басы анықталған жоқ.
Сонымен бірге, бруцеллез індеті соңғы жылдары ауданда адамдар арасында да тіркелуі айтарлықтай азайды. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметі бойынша, 2007 жылы 53 адам тіркелсе, өткен жылы аудан бойынша бұл ауруға 2 адам шалдыққан. Бруцеллез індеті жоғарыда айтқандай мал және оның өнімдерін пайдалану арқылы жұғумен қатар, аталған ауру көбінесе ауру малды сойған немесе күтім жасаған адам немесе мал төлдеу барысында алынған төлдерді, оның ішінде іштен туа бітті ауру төлдерді күтіп-баптау барысында өз тазалығына қарамаған адам ауыруы мүмкін екенін ескерте отырып, оның жұғуы адамдардың жеке бас гигиенасын қаншалықты сақтай білуіне де байланысты екендігін айтқымыз келеді.
Бруцеллез ауруына қарсы күрес шаралары табандылықты қажет етеді және жүйелі түрде жергілікті атқарушы органдар, медициналық, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және ветеринариялық қызметтердің тығыз байланыста жұмыс атқаруы нәтижесінде адамдар мен малдардың арасында бруцеллез ауруын болдырмауға, кең таралмауына тосқауыл қоюға болады.
Б.МҰСАҒҰЛОВ,
ҚР АШМ ВБжҚК
Сырдария аудандық аумақтық
инспекцияның бас маманы.