Кітапханашылар тәжірибе алмасты
Бүгінде білім саласына жауапты мамандар мектеп кітапханашысының мәртебесін көтеру жөнінде жиі айтып жүр. Оқушыны сапалы оқулық және түрлі кітаппен қамтамасыз ету мектептегі жауапты маманға жүктелген. Осы орайда, аудан бойынша барлық білім ошағының кітапханашылары Қалжан ахун ауылында бас қосты. Қасиетті ауылдағы №126 орта мектеп базасында аудандық «Кітап, мектеп, оқырман – рухани үштаған» тақырыбында аудандық семинар өтіп, оған аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанат Орынбаева, сала мамандары мен меймандар қатысты.
Тәулік бойы жүзеге асқан аудандық семинар жұмысы меймандардың «Буккроссинг» жобасын танысуымен басталды. Сонымен бірге арнайы тренингте әрбір мектеп кітапханашысы бір-біріне жылы лебізін жеткізіп, жұмыс барысында орын алған қызықты естелігімен бөлісті.
Семинарда аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Орынбаева сөз алып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
– Аудан көлемінде мектеп кітапханашыларының семинары жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Биыл Қалжан ахун ауылында тәржірибе алмасуға жиналып отырмыз. Ауданда 17 білім ошағында 21 кітапханашы жұмыс істейді. Негізінен, мектеп кітапханаларының қорында 435 361 кітап бар. Әрбір оқу жылының басында оқулық, әдеби, ғылыми кітап қоры толықтырылады. Білім беру ұйымдарында кітаптың жеткілікті болуы маңызды рөл ойнайды. Жауапкершілігі мол қызметте сапалы әрі тиімді бағытты ұстанып, баламен жұмыс жасайтын мектеп кітапханашыларының еңбегі ерекше. Біз әрқашан әріптестерімізге барлық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз. Сала мамандарының біліктілігін арттыруға арналған семинар жұмысына сәттілік тілеймін, – деді бөлім әдіскері.
Құт дарып, бақ қонған Қалжан ахун елді мекенінің тарихына және «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша атқарылған біршама жұмысқа №126 орта мектеп директоры М.Төлегенов тоқталды.
– Заманының көрнекті өкілі, дін қайраткері Қалжан ахун Бөлекбайұлының атындағы ауыл тарихы тереңде жатыр. Дін қайраткерінің рухани құндылығы мен тағылымы мол жәдігерін ғалымдар зерттеу үстінде. «Көкілташ» медресесінде білім алған ғұлама сан саланы меңгерген. Қай кезде де жас ұрпаққа дара тұлғаны барынша дәріптей білуіміз керек. Өз кезегінде аудандық семинар өткізу барысында «Оқуға құштар мектеп» жобасының негізгі бағыт-бағдарын жан-жақты көрсететін боламыз. Әріптестеріміздің жұмысы табысты болғай, – деді мектеп директоры.
Аудандық семинарда «Автор және оқырман» жобасы аясында «Жүректен жүрекке...» кітабының авторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлымен кездесу ұйымдастырылды. Кешті тізгіндеген мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділ ақын өлеңдерінің құрылымына, мазмұнына тоқталды. Ақынның шығармашылығына шолу жасалып, поэзия жанры бойынша жиналған жұртшылыққа мол мағлұмат берілді. Сыр-сұхбат алаңына айналған кеште ақынның өлеңдері оқылды. Сонымен бірге ауылдық клуб әдіскері Гүлжанат Сырғабаева Ақтөре Ибрагимұлының «Жүрегімнің жүрегісің» әнін шырқады.
– Қазақта «Ақын адамдардың шаттығы – өлеңі» деген сөз бар. Әрбір өлеңнің өзіндік жазылу тарихы болады. Ақын шығармашылығына құрметпен қарайтын ойлы оқырманның жүрегінен жол табуға тырысады. Бала кезімнен өлең жазуға құштар болып, көп оқуға, тереңнен ізденуге машықтандым. Барша құрмет көрсетіп жатқан ауыл халқына, мектеп ұжымына алғысымды айтамын. Алдағы уақытта сөзі кестелі, мағыналы өлеңдеріммен көпшілікті қуантамын деп сендіремін, – деді жас ақын.
Аудандық семинардың кезекті бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақылбек Мықбаевтың жетекшілігімен Дулат Исабековтың 80 жылдығына орай «Гауһартас» повесі бойынша оқу сағаты өткізілді. Оқу сағатында көрерменге шығарманың көркемдік құрылымы таныстырылды. Бұдан кейін педагог ұйымдастырушы Ақжарқын Есназарова ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты «Ұлт ұстазы» әдеби кешін театрландырылған қойылым түрінде көрсетті. Ал «Азамат» дебат клубының жетекшісі Әкімжан Беккулиев «Кітаптан ғаламтор озды ма?» тақырыбында дебат ойынын дүниежүзілік мектеп форматында өткізіп, семинарға қатысушы қонақтарды да пікір алаңына тартты. Мектеп кітапханашысы Перизат Әзірбек «Кітап оқуға құмарлық» конференциясында кітапхана жұмысының тиімді әдістері жайлы талқылап, мектеп кітапханашыларымен тәжірибе бөлісті.
Айта кетейік, аудандық семинар қорытындысы бойынша сала мамандары арнайы «Алғыс хатқа» ие болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ