Ақпараттық технология – мектеп кітапханасында
Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейде «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасы аясында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – елімнің еркін жолы» тақырыбында мектеп кітапханашыларының семинары өтті.
ХХІ ғасыр руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры екені белгілі. Қоғамның тұрақты дамуы оның мәдениетіне байланысты десек, рухани тыныстың өзекті мәселелерінің бірі – кітапханалардың жағдайы, соның ішінде мектеп кітапханалары. Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Бүгінгі заман көшіне ілесудің бірден-бір талабы, қоғамның өркениетті деңгейіне көтерілуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуіне байланысты.
Аудан мектептерінің кітапханашыларының басын қосқан семинар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келуіне орай мерекелік концертпен басталды. Білім шаңырағының еңсесі биік акт залында семинарға қатысушыларды мектеп-лицей директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғ.Жаңабаева ұлық мерекемен құттықтап, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Кітапханашы Ж.Рахметова, тәлімгер Б.Қырданова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.Арсланованың ұйымдастыруымен семинар тақырыбына сай әдеби-сазды кеш тамашаланды.
«Мектеп театры» жобасы аясында өнерлі оқушылар «Елбасының балалық шағы», «Желтоқсан жаңғырығы» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті. Тәуелсіздік тақырыбында өлең оқылып, күмбірлеген күй төгілді. Әннен шашу шашқан жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер мереке ажарын келтірді.
Тұғырлы Тәуелсіздіктің туын биікке көтерген қазақстандықтардың еңсесі көтеріліп, әлем өркениетінің көшіне ілескеніне тура 30 жыл болды. Осы жылдарда білім беру саласы, оның ішінде рухани қазына иелері – кітапханашылар цифрлық технологияны терең меңгеріп, заманауи талапқа сай қызметін жалғастырды. Қазір мектеп кітапханалары соңғы технологиямен жабдықталып, оқулықтар мен кітаптар электронды нұсқаға енді. Оқырман барлық уақытта қолжетімді интернетпен жабдықталған оқу залында іздегенін қиналмай тауып алады. Осы ретте, көш басында келе жатқан №37 мектеп-лицей кітапханасы, оның жұмысын үйлестіріп отырған кітапхана меңгерушісі Ж.Ұзақбаева мен кітапханашы Ж.Рахметова өз тәжірибесімен бөлісті. Олардың бүгінгі ізденісі мен шығармашылықпен жұмыс істеуі әріптестері арасында сараланды. Кітапханашымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Л.Мұхамеджанованың жұмысы да үлгі етілді. Семинар барысында «Кітапханада цифрлық білім беру ресурстарын және интерактивті технологияларды пайдалану» тақырыбындағы шеберлік сағатында кітапханашылар түрлі бағдарламалардың жұмысымен танысты. «Kahoot», «Canva», «Wordwall», «Сканер QR», «Меморис» бағдарламаларын кітапхана жұмысында тиімді пайдалану әдістері көпшілік назарына ұсынылды. Кітапханашылардың қатысуымен сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар сый-сияпатқа ие болды.
Айту керек, мектеп кітапханашылары биылғы жылдан бастап «Қазына» бағдарламасы арқылы жұмыс жүргізеді. Бағдарлама кітапхана қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында кітап қорын цифрлық жүйеге енгізуді мақсат еткен. Бүгінде барлық білім мекемелеріндегі кітапханалар арнайы бағдарламаға кітап деректерін енгізуде.
– Кітапхана қызметінде жиырма жылдан бері қызмет етемін. Осынау жылдар ішінде кітапхана жұмысы да цифрланды. Соңғы жылдары қолданылатын жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, кітапхана қорын автоматтандыру – бүгінгі күннің талабы. «Қазына» бағдарламасымен жұмыс бастағанымызға біршама уақыт болды. Кітапхана қоры «Негізгі қор» және «Оқулықтар» деректер базасы болып ашылып, бағдарламаға кітаптар енгізілуде. Мектеп-лицейдегі кітапхананың жалпы қоры – 31104, оның ішінде, көркем әдебиет – 4151 дана, әдістемелік әдебиет – 2210, электронды оқулық – 770, жаңа буын оқулықтары – 23933 дананы құрайды. Жаңа оқу жылы басталғалы кітапханаға 500 оқырман келді. Оқырмандардың электронды формуляры толтырылды. Негізінен, кітапхана қорын автоматтандырудың тиімділігі өте көп. Біріншіден, электронды каталог жасалады, екіншіден, соңғы технологияны сауатты түрде қолдануды үйренесің, үшіншіден, кітап қоры бір жүйеге жинақталады, – деді кітапхана меңгерушісі Ж.Ұзақбаева.
Мектеп кітапханасында семинар жұмысы қорытындыланып, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Орынбаева кітапханашылардың тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға қолдау білдірген мектеп-лицей басшылығына, атсалысқан ұстаздар қауымына алғыс айтып, білім бөлімінің басшысы Б. Жәнібековтың «Алғыс хатын» тапсырды.
Бибісара ЖАНӘЛІ