Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – кітапхана
Ұлттың болашағы тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Тәрбиенің қайнар көзі, рухани жан дүниені байытатын қасиетті орын – кітапхана. Адам кітап оқу арқылы жаңа әлемнің есігін ашады. Бойына жақсы әдеттер қалыптасып, ойлау қабілеті артады.
Осынау құнды дүниені сіңіріп, оқырманына оқу арқылы ұшқыр ой, биік белесті бағындыру қабілетін арттыруға себеп болып жүрген кітапханашыларды шын мәнінде рухани ұстаз деп айтуға болады.
Жақында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ауданның шалғайдағы елді мекені Бесарық ауылындағы №147 орта мектепте аудандағы барлық мектеп кітапханашылары бас қосты. Басқосудың мақсаты – «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында жас ұрпақтың ұлттық рухын, адамгершілік қасиеттің болуына ықпал ету. Сонымен қатар, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты құрметтеуге, кітапханамен байланысты нығайтуға, кітапты сүйе білуге баулу болды. Оқушыларды кітапты қадірлеуге, оқуға құштарлығын арттыруға арналған семинарға аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Орынбаева, мектеп директоры Ғ.Муталов және оқырмандар қатысты.
Семинардың ашылуында мектептің жанынан ашылған «Мектеп театры» жобасы бойынша жас актерлер көрініс қойды. Акт залындағы сахнада қазақ ойшылдары мен ғұламаларының бейнесін сомдаған жас актерлер өлең оқып, сахналық қойылым көрсетті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Полатова жетекшілік ететін жас актерлер дана ақын Абай Құнанбайұлының, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің образдарын шынайы сомдап, көрермендердің көзайымына айналды.
Мектеп кітапханашысы Г.Смағұлова семинар тақырыбына орай хабарлама жасады. Хабарламада «Қазына» бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін кітапхананың мектепте алатын рөлі мен оқушылар үшін маңыздылығы тұрғысында пайымды пікір, ортақ мәселе айтылды. Бүгінде 18800 кітап қоры жасақталған мектеп кітапханасындағы кітаптардың басым бөлігінің электронды нұсқасы әзірленген. Кітапханада дәстүрлі түрде жасалатын көрме мен биылғы жылдың жетістіктеріне тоқталды. Өнерлі оқушылар әннен шашу шашып, күмбірлеген күй орындады.
Семинар барысында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.Жүсіпова «Көп тілді білім беру – дарынды ұрпақ тәрбиелеу» тақырыбында мектепте үш тілде білім алып отырған оқушылардың қатысуымен мәдени іс-шара өтті. Іс-шарада оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тақпақ айтып, әр тілдің өзіндік ерекшелігіне тоқталды. Пән мұғалімі С.Жүсіпова «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – халық үшін» деп, ағылшын тілі – әлемдегі басты тіл, оны білсеңіз әлемді аралайсыз, инновация мен ақпарат әлеміне ілесесіз. Ал орыс тілі – ресми тіл» деп үштұғырлы тілдің ұрпақ тәрбисіндегі алатын орнын саралады.
Семинарға қатысушылар мультимедиа кабинетінде мектептің химия пәнінің мұғалімі А.Пірманова жетекшілік ететін 10-сынып оқушыларымен «Қай кітап ыңғайлы, оқырман?» тақырыбында дебатты тамашалады. Дебатқа қатысушы «Болашақ жастары» және «Замана жаршысы» топтарының бірі кітап оқуды ыңғайлы десе, екіншісі топ электронды кітап оқуды жақтады. Нәтижесінде, сарапшылардың пікірі бойынша «Болашақ жастары» жақтаған қағаз кітап туралы айтылған дерек пен дәйек қарсыластарынан басым түсіп, үздік топ атанды. Осы топтың жетекшісі Бақытнұр Айдарбек «Ең үздік спикер», қарсы топтың спикері Мұнарбай Молдабай «Білімді спикер» номинациясымен марапатталды.
Рухани қазына иелері кітапхананың «коворкинг» орталығына жиналып, кітапханашы Г.Смағұлованың жаңашылдықтың бастауы ретінде кітапхана бұрышында ұйымдастырған «Бір ел – бір кітап» көрмесімен танысты. Көрмеде кітапханашылар арнайы жасалған QR коды арқылы кез келген кітапты оқуға болатынына көз жеткізді.
Сонан соң кітапханашылар «Білім – терең ой түбінде жатады» тренингке қатысты. Тренингте кітапханашылар «Білім бұлағынан» шыққан сан алуан сұрақтарға жауап беріп, біліктіліктерін сынға салды, өзара тәжірибе алмасты.
Семинардың соңында кітапханашылар Г.Ембергенова, Р.Мейірманова, Р.Ишанбек, Р.Тәуекелова, И.Усманова, Ү.Алашбаева пікір білдірді, алған әсерлерімен бөлісті. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Орынбаева 520 оқушы білім алатын №147 орта мектепте өткен семинардың өз мақсатына жеткенін және алдағы уақытта тәжірибе алмасу мақсатында осындай семинарлар үнемі ұйымдастырылатынын айтты. Семинарға қолдау білдірген мектеп директоры Ғ.Муталовқа алғыс білдіріп, атсалысқан мектеп мұғалімдері мен кітапханашыға білім бөлімі басшысының «Алғыс хатын» тапсырды.
Бибісара ЖАНӘЛІ