Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек ардагерлері ардақталды

Еңбек ардагерлері ардақталды

Халықаралық қарттар күні қар­саңын­да аудандағы іргелі «Қы­зылдихан» шаруа қожалы­ғында еңбек ардагер­леріне құрмет көр­сетілді. Аталған шаруа­шылықта еселі еңбек етіп, ауданның ауыл шаруашылығы сала­сының дамуына үлес қосқан еңбек арда­герлері бүгінде науқан қызып тұрған шақ­тағы жұмыстарды көріп, даланы дүбірге бөлеген шақтарын еске алды.

«Қызылдихан» шаруа қожалығының қыр­манында бас қосқан сала арда­гер­леріне шаруашылық төрағасы Алдан­берген Құлбаев атқарылып жатқан жұ­­мыстарды атап өтті. Шаруашылық төр­ағасы бүгінде шаруа қожалықтың әле­уеті едәуір жақсарғанына тоқталып, биылғы егін жинау науқаны жоспарлы жүріп жатқанына тоқталды.

– Өздеріңіз осы шаруашылықтың дамуына елеулі еңбек еттіңіздер. Таңның атысы, кештің батысы дала қосында жүріп, еңбек дүбірін жаңғырттыңыздар. Ол кезеңдерде қазіргідей техникалар жоқ. Сондықтан бар­лық жұмыс қолдың күшімен атқарылды. Сондай еңбектің үлгісін көр­сетіп, осы шаруа қожалықта қызмет етіп, жастарды еңбекке баулыдыңыздар. Бүгінде сол Сіздердің ізба­сарларыңыз шаруашылық жұмыстарын атқа­рып ке­леді. Қазір шаруашылықтың жағдайы едәуір жақсарды. Жаңадан қырман салынды, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалуда. Одан бөлек, заманауи техникалар алынып, егін егу, жинау науқандары жаңа техникалардың көмегімен жылдам жүзеге асуда. Міне, осындай жетістіктерге жетуде еңбек ардагерлерінің сүбелі үлесі мол. Сондықтан Сіздерге деген құрметіміз ерекше, – деді Алданберген Бодыбайұлы.

Расында, бүгінде іргелі шаруашы­лықтың әлеуеті жақсы. Жаңа қырманда әкімшілік кеңсе, жұмысшыларға ар­нал­­­ған асхана бар. Жаңа қойма да са­лынған, астық тазартатын құрылғылар орнатылған. Бүгінде шаруа қожалықта 100-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі таңда науқан қызу жүріп, қырман күрішпен көмкерілуде.

Қырман басында еңбек ардагерлері өз­­де­рі қызмет атқарған жылдарды, сол ке­зең­дердегі ауыртпашылықтарды еске ал­ды. Шаруашылықта прораб болған Төлеу Сүлейменов, бас бухгалтер Серік­бай Кенже­баев, бас инженер-меха­ник Байырбек Әмірбеков, механик Өтепбер­ген Әбілов, бас гид­­ротехниктер Тахир Ерғалиев, Марат Омаров, агроном-гидро­техник Бахыт Күшікбаев, бри­га­дир Зайдағали Жүсіпбайұлы, қойма меңге­руші Сайфулла Анасов, диспетчер Нұрәлі Мешітбаев, бас мал дәрігері Бекзат Мұсағұловтар «ХХІ партсъезд» сов­­хозын­дағы еңбек­тегі естеліктерімен бөлісті.

– Біз жастайымыздан еңбекке ерте ара­лас­тық. Осы ауданның өсіп-өркен­де­уі жолында қандай жұмыс болса да қаш­падық. Өміріміздің бір белесінде осы «Қызылдихан» шаруа қожалығында қыз­мет етіп, сала жұмысына серпін бер­дік. Алдекең айтқандай, біздің кезде қазіргідей техникалар жоқтың қасы. Де­­се де бар техниканы пайдаланып, осын­­дағы елдің ризық-несібесін қамдай білдік. Таң атпастан диқандар кетпенін арқа­лап, егістік басында жүреді. Күрішті күтіп-баптай біліп, одан мол өнім алуды қам­тамасыз етті. Ал бітік шыққан егінді ысырап­сыз қамбаға түсіруде шаруа­шылық қызметкерлері еш тыным таппайтын. Ол кездердің ауыртпашылығы көп еді. Бірақ еңбек­пен есейген біздер сол қиындықтарды еңсере білдік, – дейді сала ардагері Төлеу Сүлейменов.

Сондай-ақ, басқосуға қатысқан өзге де еңбек ардагерлері еңбек дүбіріндегі қызық­тарын айтты. Мереке қарсаңында қыр­манда болған сала ардагерлеріне шаруашылық тарапынан сый-құрмет жасалды. Еңбек арда­герлері өз ризашылық­тарын білдірді.

Жалпы, дала дүбірін еңбекпен қыздыр­ған ардагерлердің өнегелі өмір жолдары – кейін­гіге өнеге. Олай дейтініміз, бүгінде жас­тар жағы «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге бейім. Ал бүгінде бей­нетінің зейнетін көріп отырған ардақты жандар бала жасынан еңбекпен есейіп, қандай қиындық болса да еңсере білген. Сондықтан да сала ардагерлеріне деген құрмет ерекше. Бұл ретте, шаруашылық осындай ізгі іс-шараға ұйытқы болып, еңбек ардагерлерін ардақтады.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
27 қыркүйек 2022 ж. 385 0