Егін еккеннің еңсесі биік
«Қызылдихан» шаруа қожалығында биылғы егін жинау науқаны күрішші Садық Махановтың егістігінен бастау алды. Диқанға 45 гектар жер тиесілі. Өзіне бекітілген жерге ала жаздай күтім жасап, мерейлі сәтке де жақындап қалды. Енді егін ысырапсыз жиналса, жылдағыдай қамбаның астықпен көмкерілуіне ерекше үлес қоспақ.
Жалпы, «Қызылдихан» шаруа қожалығында биыл 860 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде егінге орақ түскен №2 бригадаға 300 гектар жер тиесілі. Өндірістік бригадир Кенже Айтбаев бұл жылы да диқандар қамбаға мол өнім құюға бекініп отырғанын жеткізді.
Шаруашылықтың егінге орақ салу рәсіміне шаруа қожалық төрағасы Алданберген Құлбаев, еңбек ардагерлері мен қызметкерлер қатысты.
– Танапта еңбек еткеннің мерейі үстем болады. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтан «Күріш егуден рекордтық көрсеткішке жетуіңіздің сыры неде?» деп сұрағанда даңқты күрішші «Еңбек, еңбек, тағы да еңбек» деп айтқан екен. Осыны білетін шаруашылық диқандары қажырлы жұмыс істеп, егіннің бап-күтімін жасады. Біз ата кәсіпті жалғастыру үшін аға ұрпақ пен жастардың арасындағы сабақтастықты қалыптастыруымыз қажет. Осыған сәйкес жас күрішшілердің егін егуіне мүмкіндік жасаудамыз. Шаруашылықтың жас еңбеккерлері өздеріне артылған сенімнен шығып, жақсы жетістіктерге жетуде. Бұл қожалық жұмысының ілгерілеуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ егін жинауда біздің техникаларымыз сақадай сай. Шаруашылықта барлық техника жаңартылды, – деді «Қызылдихан» ШҚ-ның төрағасы А.Құлбаев.
Мұнан соң еңбек ардагерлері де өздерінің тілектестіктерін білдіріп, астықтың мол болуына баталарын берді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ