Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргелі шаруашылықтардың ілкімді істері

Іргелі шаруашылықтардың ілкімді істері

Тіректі елді мекен саналатын Ақжарма ауылында екі ірі шаруа­шылық бар. Бірі – «Ақжарма және К» болса, екіншісі «Ақжарма-2» шаруа қожалығы. Қос шаруашылық ауылды өркендетуде, тұрғындарды жұмыспен қамтуда нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Қайрат Нұрсейітов басқаратын «Ақжарма және К» шаруа қожалығының қырманы елді мекенге кіреберісте менмұндалап тұр. Қатарынан тізілген жаңа техникалар, күріш сақтау қоймалары бұл шаруашылықтың әлеуетін көрсетіп тұр. Қазіргі таңда 120 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықта тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыт бар. Яғни, шаруашылық облысты Сырдың басты дақылы саналатын күрішпен қамтамасыз етіп келеді.

Жалпы, «Ақжарма және К» ШҚ биыл 1550 гектар жерге Сыр салысын екті. Егін жинау науқанында шаруашылық еңбеккерлері тынымсыз еңбек етіп, соның нәтижесінде әр гектардан 60 центнерден өнім алынды. Бұл жетістік диқандар мерейін үстем етті. Бұл ретте, үздік комбайнер Қуаныш Оспанов, күрішшілер Ақан Тобжанов, Жанболат Файзуллаев және тағы басқа да еңбеккерлердің атын ерекше айта кеткен жөн.

Шаруа қожалық егінмен қатар ата кәсіп саналатын мал шаруашылығымен де айналысады. Мал басын асылдандыру бағытында 2018 жылы қалмақ тұқымды 136 сиыр алынып, бағылуда. Қазіргі таңда шаруашылықта жылқы басын көбейту жұмыстары да жүргізілуде.

Шаруашылықтың жұмысы шираған соң Қ.Нұрсейітов ауылдың әлеуетін жақсартуға игі істер атқарып келеді. Атап айтқанда, орталық алаңды абаттандырып, елді мекенге монша салдырды. Сондай-ақ шаруашылықтың жас отбасыларына үй салып беруді де жолға қойған. Ауыл орталығынан тұрғындармен бірлесе мешіт салуға бастамашылық етіп, бүгінде имандылық ордасы ақжармалықтарға қызмет етіп тұр. Пандемия кезеңінде шаруа қожалығы қажетті деген медициналық құрылғы мен дәрі-дәрмектер алып беріп, індетпен күресте ерекше атсалысқанын атап өткен жөн.

Аудандағы әлеуетті шаруашылық саналатын «Ақжарма-2» шаруа қожалығын аудандық мә­с­лихат депутаты Марат Бисенов басқарады. Бұл қожалықта 200 адам тұрақты жұмыс істейді. Соны­мен қатар 2019 жылдан бастап жыл он екі ай жұмыс істеуге көшкен. Бұл осы шаруашылықтың ерек­ше жаңалығы десек артық айтқандық болмас.

Іргелі шаруа қожалығы биылғы жылды то­лымды табыспен қорытындылады. Жыл қоры­тындысы бойынша жақында «Алтын дән» мере­келік шарасы ұйымдастырылып, үздіктер мара­патталған.

– Шаруашылық еңбеккерлері жыл сайын ер­ен еңбек үлгісін көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жет­кізіп келеді. Биылғы жылы біз 1000 гектар жерге Сыр дақылын егіп, гектарынан 67 центнерден өнім алдық. Соның нәтижесінде, қамбаға мол өнім құйылып, мерейіміз өсуде. Мұндай жетістікке шаруашылық еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында жеттік. Биылғы жыл біз үшін ерекше болып отыр. Өйткені егін жинау науқаны басталар тұста шаруа қожалықта күріш тазалау зауыты іске қосылды. Алдағы уақытта шаруашылық жұмысын жандандыру үшін түрлі жобалар жүзеге асады, – дейді шаруашылық төрағасы Марат Бисенов.

Шаруаларды мерекемен құттықтаған төраға жылдағы үрдіске сәйкес еңбекте озат шыққан үздіктерді марапаттаған. Алдымен, әркез тілекші болып жүрген ауыл ақсақалдарына сый-құрмет көрсетсе, содан кейін еңбеккерлерді түрлі номинациялар бойынша марапаттап, бағалы сый­лықтарды табыс етті.

Олардың ішінде, шаруашылықтың тәжірибелі механизаторы, білікті комбайыншы Ерлан Күшікбаев «Жыл үздігі» атанып, автокөлік мінді. Ол биылғы науқанда «Торум-750» маркалы комбайнмен 32 624 центнер астық бастыруды қамтамасыз еткен. Айта кету керек, Ерлан Күшікбаев биылғы ауданның «Алтын дән – 2020» мерекелік шарасында «Үздік комбайнер» номинациясы бойынша аудан чемпионы атанған.

Халық қалаулысы ретінде Марат Бисенов тұр­ғындар тұрмысының жақсаруына атсалысуда. Атап айтсақ, ауылға кіреберіс жолдың жа­рық­тан­дырылуын қамтамасыз етсе, қыс маусымында көмір мәселесін шешуге де мұрындық бо­луда. Яғни, ауылға қатты отынды тікелей алдырып, қолжетімді бағада тұрғындарға үлестіріп беруде.

Жалпы, ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов қос шаруашылықтың елге жасап жатқан жұмысы, демеушілігі зор екенін айтады. Тіректі елді мекеннің тіршілігі осы шаруашылықтардың жұмы­сымен тығыз байланысты. Сондықтан іргелі шаруашылықтар ілкімді істерді атқара берсе, ауыл гүлденіп, көркейе бермек.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
05 желтоқсан 2020 ж. 755 0