Бильярдтан турнир өтті
Бүгін Ұлы Жеңістің 75 жылдығы және «Қызылдихан» шаруа қожалығының 10 жылдығына орай ардагерлер арасында бильярдтан турнир өтті. «Қызылдихан» шаруа қожалығының «Бильярд» залында өткен турнирге Тереңөзек кентінен 14 ардагер қатысты. Сондай-ақ бұл шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, соғыс және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров құрметті мейман болды.
Турнирдің басталуында «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев турнирді ұйымдастырудағы мақсатқа тоқталып өтті.
– Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында турнир өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Жұқпалы індеттің таралуына байланысты оны кейінгі шегеріп, сәті бүгін түсіп отыр. Соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге әрқашан құрметіміз мол. Бүгінде ауданда қан майданның куәгері болған 2 ардагер арамызда жүр. Оларға кейінгі буын әркез құрмет көрсетуі тиіс. Сонымен қатар соңғы онжылдықта «Қызылдихан» шаруа қожалығының жұмысы алға басып, қазір іргелі шаруашылыққа айналды. Әуелгіде техника тұралап, жұмыс істеу қиын болды. Алайда еселі еңбектің арқасында шаруашылық жұмысы жанданды. Қазіргі таңда еңбеккерлер тұрақты жалақы алады, 1 млрд теңгеге техникалар жаңартылды. Қырман салынып, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Осы ретте біз ардагерлерге құрмет көрсетіп, турнир ұйымдастырып отырмыз, – деді шаруашылық төрағасы А.Құлбаев.
Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.
– Кезінде «Қызылдихан» колхозы соғыс жылдарында жақсы өнім өндіріп, алдыңғы қатарда болғанын жұрт біледі. Содан кейінгі жылдары ХХІ партсъезд атындағы совхоз болды. Міне сол дүркіреген колхоздың атын жандандыру үшін шаруа қожалық құрылып, бүгінде жұмысына көз тояды. Осындай іргелі шаруашылықты басқарып отырған Алданберген Құлбаевтың ардагерлерге құрмет көрсетуі жанға медет сыйлайды. Ардагерін ардақтап, қарияға құрмет жасағанның көштен қалмайтыны белгілі. Сондықтан осындай құрметі үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы.
Шара барысында шаруашылық төрағасы А.Құлбаев соғыс және еңбек ардагері, батагөй ақсақал Яхия Тасыровқа, тыл және еңбек ардагері Рақымжан қажы Бәйменовке, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлына және құрылыс саласының ардагері Төлеу Сүлейменовке құрмет көрсетіп, шапан жапты.
Бір айта кетерлігі, ардагерлер арасындағы турнирге тоқсаннан асқан құрметті қария Рақымжан қажы Бәйменов қатысып, ерекше белсенділік танытты. Ардагерлер турнир барысында дәлдік пен ептіліктерін көрсете білді. Өзара бақ сынасып, жақсы ойын өрнегін көрсетті.
Турнир қорытындысында І орынды ардагерлер арасындағы аудан чемпионы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан қажы Бәйменов жеңіп алды. ІІ орынды еңбек ардагері Құдайберген Үсенбаев иеленсе, жүлделі ІІІ орынға еңбек ардагерлері Марат Сақтапов пен Абылай Әшірбеков ие болды.
Жеңімпаздар арнайы дипломмен марапатталып, бағалы ұялы телефондар табыс етілді. Сондай-ақ қатысушылар да Алғысға ие болып, ұялы телефондар сыйға берілді.
Турнир соңында соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ