Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – алтын бесік

Отбасы – алтын бесік

«Балалар жылы» аясында аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде «Отба­сы – алтын бесік» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға облыстық білім басқармасының тәр­­бие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің басшы­сы Б.Мәмбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, «Сырдария ауданының әйелдері» қо­ғам­­дық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, аудан мек­теп­тері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Мектеп-лицейдің кіреберісінде аудандық өнер мектебінің домбырашылар ансамбілі Құр­ман­ғазының «Балбырауын», «Адай», ха­лық күйі «Келіншекті» орындап, семинарға қатысу­шыларды керемет көңіл күймен қар­сы алды. Іс-шараның мақсаты туралы «Болашақ» өзін-өзі басқару ұйымы мүшелері айтып берді. Содан соң фойеге қойылған «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбындағы отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған көрме жұмысы таныстырылды. Секциялық отырыстың бастамасы ретінде «Шаңырақ» әкелер мектебінің жетекшісі М.Елеусіновтің қатысуымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жазушы Төлен Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесі отбасылық оқу сағаты үлгісінде көрсетілді. Оқу сағатына жас оқырман ата-анасымен қатысып, әңгіменің мазмұнын талқылап, пікірлерін білдірді. Әкелер мектебінің төрағасы М.Елеусінов әңгімеге байланысты сұрақ қойып, оқушы мен ата-ана арасында диалог орнатты.

Оқушылардың дебат қозғалысы бойынша пікірталас алаңында оқушылар «Ата-ананың баланы үнемі қадағалап, ескерту айтып, ты­йып отыруы дұрыс па, әлде еркіндік беру керек пе?» деген сауалға жақтаушы мен даттау­­шы жақ өзара сөз таластырды. Нәтижесінде оқушы қауым ойын еркін білдіріп, тәрбие мәселесінде баланы үнемі қадағалап отырудың жақсы жақтары мен жағымсыз тұстары болатынына көз жеткізді.

Секциялық отырыс «Әжелер мектебінің» қолөнер шеберлік сыныбына ұласты. Шеберлік сыныпта қолөнер иесі Алтын Нұртаева «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» тақырыбындағы көрме­сімен таныстырды. Көрмеге қойылған көз жауын алатын, ұлттық нақышта тігілген бұйымдар туралы мағлұмат беріп, қыздарды тәрбиелеудің бірден бір құралы – ұлттық салт-дәстүрді насихаттау керек деген қорытынды жасады. Әжелер мектебінің мүшелері С.Шамшадинова мен А.Ізбасарова отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі туралы пікір білдірді.

Пленарлық мәжіліске жалғасқан семинар жұмысы мектеп-лицей театрының сахналық көрінісімен басталды. «Отбасы – алтын бесік» тақырыбын ашқан сахналық қойылым ұлттық дәстүрдің рухани мол қазына екенін айқындады.

Пленарлық мәжілісті аудандық білім бөлімі­нің басшысы Б.Жәнібеков ашып, семинардың мақсаты мен отбасы құндылығын қалыптастыру мақсатындағы басым бағыттарға тоқталды.

– Биылғы жылды Ел Президенті «Балалар жылы» деп жариялады. Отбасы мен мектеп бір-бірінен бөлінбейтін тәрбиенің екі алып күші. Отбасы – адам баласының өсіп-өнетін, қаз тұрып, қанат қағатын ұясы, отаншылдық рухтың алтын бесігі. Бала тәрбиесінде отбасы ең үлкен мықты тәрбие ошағы болып саналады. Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы өзі дүниеге келген отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Өйткені ата-ана қай кезде де баланың басты ұстазы. Баланың заманына лайық азамат болып өсуі – алдымен ананың ақ сүтімен, абзал тәрбиесінің жемісі. Бала тәрбиесі – басты құндылық, ең асыл дүние – оның тәрбиесі, – деді бөлім басшысы.

Сөз кезегін облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін өзі тану жұмыстары бө­лімінің басшысы Б.Мәмбетов алды. Ол ұстаз­дар қауымын келе жатқан төл мереке­лерімен құттықтап, баланың тұлға ретінде қалыптасуындағы отбасының рөлін анықтау, ата-аналардың мектеппен байланысын нығай­ту, бала болашағы туралы ойын ортаға салды.

Өз кезегінде №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің директоры Б.Бақбергенова «Білім беру ұйымындағы ата-аналармен жұмысты ұйымдастырудың белсенді әдістері» тақырыбында баяндама жасады. Хабарламашы тәрбие үдерісіндегі жаңа реформалар мектептің дамуына айтарлықтай өзгеріс енгізгеніне, жаңа педагогикалық әдістер мен озық ақпараттық технологиялар пайда болғанына тоқталды. Бүгінгі тәрбие үрдісінде дәстүрлі әдістердің орнын креативті ойлауға түрткі болатын жаңа технологиялар алмастырған. Бұл бір жағынан мұғалім мен ата-ананың ынтымақтастығын арттырса, екінші жағынан тәжірибені өмірде қолдана білу мүмкіндігін қалыптастырады. Мектеп-лицейде құрылған «Шаңырақ» әкелер мектебі, «Асыл аналар» әжелер мектебі, «Ақжүніс» қыздар ұйымы жүйелі жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Семинар барысында «Шаңырақ» әкелер ұйымының төрағасы М.Елеусінов «Бала тәр­бие­сіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында хабарлама жасады.

– Мен ата-ана ретінде кенттегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейімен 30 жылдан астам уақыттан бері байланыстамын. Төрт балам, екі немерем осы мектепті бітірді. Немеремнің сыныбы түгелдей мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, ұстаздардың мерейі үстем болды. Спортта ұғым бар. Жоғары деңгейде, тұрақты түрде өнер көрсету шеберлік деген. Сондықтан ата-аналардың атынан мектеп-лицей ұжымына ризашылығымды білдіремін, – деді еңбек ардагері М.Елеусінов.

Сонымен қатар мәжілісте «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының рөлі туралы, №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Сыздықова мектеп пен қоғамның ынтымақтастығы туралы айтты.

Облыстық семинар қорытындысында кері байланыс орнатылып, қатысушылардың атынан №126 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Жұмаділ, Жалағаш ауданындағы №246 Ш.Ермағанбетов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Қалянов тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген, семинарды ұйымдастырған мектеп-лицей ұжымына алғыстарын білдірді.

Білім мен тәрбие ажырамас егіз ұғым. Ата-ана тәрбиесі – қазақ халқы үшін толассыз тау­сылмайтын қазына. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. «Егер артыңда мейірімді, қайырымды, ізгілікті, бауырмал бала қалдырғың келсе, қартайғанда ол баладан қайыр күтем десең, онда тәрбие арқауын шират» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы.

Отбасы, бала тәрбиесіне арналған семинар «Шаңырақ» әкелер мен балалардың хор ұжымы орындаған «Әке туралы жыр» әнімен аяқталды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
27 қыркүйек 2022 ж. 665 0